Астанада жеке тұрғын үй құрылысына ұсынылған жерге қарағанда сұраныс әлдеқайда асып кетті

АСТАНА. 6 қараша. ҚазАқпарат - Астанада жеке тұрғын үй салуға жер телімдері жетіспейді. Елорданың ресми сайтындағы мәліметке қарағанда, кейінгі кезде осы төңіректегі сұраныс қала мүмкіндігінен 6-7 есе артып кетіп отыр. Мұның бәрі «іс жүзінде республикадағы кәмелет жасына толғандардың барлығы елордадан жер алуға құқылы» деген ұғымға байланысты болып отыр.

«Жеке тұрғын үй құрылысын салуға жер телімдерін бөлу - бүгінгі таңдағы күрмеуі қиын ең өткір мәселелердің бірі. Осы бағытта біздің тұрғындарға нақты, дұрыс ақпарат жетпей жатады. Ең бастысы, құзіретті органдар бекіткен жер телімдерін берудің қатаң тәртібі бар. Екіншіден, ереже, тәртіп болғанымен, берілетін бос жер телімі жоқ», - дейді Астана қаласы Жер қатынастары басқармасы бастығының орынбасары Назымбек Кенжебаев.

Астана қаласының Жер қатынастары басқармасының мәліметі бойынша, биылғы жылдың өткен 10 айында бір де бір гектар жер берілген жоқ. Сонымен қатар, келесі 2013 жылы да жер бөлу мәселесі қарастырылмаған. Себеп - қалаға тиесілі аумақта инженерлік-коммуникациялық желілермен қамтамасыз етілген, арнайы жабдықталған алаңдардың болмауы. Жалғыз ғана проблема бұл емес. Баршаға белгілі, қала аумағы көршілес облыстардың жер телімдері есебінен кеңейтілді. Осыған орай қала әкімдігі бұрынғы ЖШС немесе АҚ меншік иелерінің қарамағындағы жерлерді жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін бөліп бере алмайды. Ондай мүмкіндік те жоқ. Жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды, Астана республиканың бас қаласы ретінде инфрақұрылымдарын кеңейтіп, дамыта түскенімен, еліміздің барлық азаматтарын бірдей қала аумағында жер телімдерімен қамтамасыз етуі мүмкін емес.

Белгілі болғандай, бүгінде жер телімін алуға жазылған өтініштердің саны 96 мыңнан асып түскен көрінеді.