Астанада жекпе-жек өнерінің екінші фестивалі аяқталды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ережесіз жекпе-жек бойынша жаттықтыруды аралас стильдегі кәсіпқой спортшы, жекпе-жектерге Ultimate Fighting Championship қолдауымен шығатын көпшіліктің сүйіктісі Хабиб Нурмагомедов өткізді.

«Мен бұл фестивальге бірінші рет келіп отырмын. Бұдан кейін де бірлесе жұмыс істейміз деген үміттемін»-дейді белгілі спортшы.

Мәдениет басқармасы хабарлағандай, Астананың 18 жылдығына арналған жекпе-жек өнерінің екінші фестивалі аяқталды. Фестиваль «Дәулет» ұлттық теннис орталығында өтті. Спорт сайысына джиу-джитсу, каратэ, қоян-қолтық ұрыс, самбо жне тағы 7 жекпе-жек түрінен қара үзген шеберлер қатысқан. Көрнекі 11 жекпе-жекте Қазақстан, Ресей, Қытай, Италия, Жапония мен Филиппиннің белгілі спортшылары сынға түсті.

Бұл фестивальге бас-аяғы 4 елден 250 спортшы қатысты. Биыл ұйымдастырушылардың да көрермен қауымға тосын сыйы көп болды.

Мысал үшін қонақтарға нағыз жапон сумосын немесе пекити-тирсия кали қаруын қалай қолданатынын көру көру мүмкіндігі берілді. Сондай-ақ тізімге былтырғы жылы болмаған бірнеше дисциплина енгізілген.  

Шақыртылған спортшылар барлық спорт федерацияларында бірнеше күн бойы тегін шеберлік сыныптарын өткізді.

Халықаралық вин-чун (IWCO) федерациясының құрметті президенті Сифу Дональд Мак астаналықтарға вин-чун техникасын үйретті.

Дональд Мак өз сөзінде: «Сіздердің елдеріңізге алғаш рет келіп тұрмын. Маған бәрі ұнады.  Астаналарыңызға таңқалдым, жас әрі әдемі қала. Фестиваль өте жоғары деңгейде өтті.  Бұл іс-шара пайдалы және өскелең ұрпаққа үлгі болады. Олардың спортпен шұғылдануы, салауатты өмір салтын ұстануы маңызды. Қазақстандықтар қайырымды әрі қонақжай. Мен бұны сезіндім. Сондықтан барлығына бақыт пен жақсылық тілеймін»-деп ағынан жарылды.  

Тай боксынан әлем және Еуропа чемпионы атанған Артем Левин осы жекпе-жек өнерінің артықшылықтарымен бөлісті. Бүгін спортшы әуесқойлар арасындағы тай боксынан әлем чемпионы, кәсіби боксшы Дәулет Отарбаевпен елордадағы спорт мектептерінің оқушылары үшін шеберлік сыныбын өткізеді. «Qazaq Batyry» жекпе-жек академиясында сағат 18:00-де өтетін бұл шараны кез келген адам тамашалай алады.  

Фестивальге қатысушылар мұндай ауқымды шараның ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалап, осындай еңбектің арқасында Астанада жекпе-жек өнерінің жаңа қарқын алып келе жатқанын айтуда.