Бұл туралы astana.kz сайтына бүгін Астана қаласы мәслихатының кезекті отырысында белгілі болды.
Желілік парктерді жаяу жүргіншілер, велосипед (қыста шаңғы), салт атты серуен жолдары, спорттық сауықтыру мақсатында жүгіру үшін су қоймалары мен ағын сулардың жанында жасаған абзал. Желілік парктердің ерекшелігі - ені өте аз (50 метрден 100-200 м дейін) және ұзындығы үлкен (1-10 шақырымға дейін) болады.
«Елорда халқын мәдени демалыс орындарымен қамтамасыз ету мақсатында «Әбу-Даби Плаза» бірегей кешенінің және ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу алаңының жанында желілік парк салу көзделген», - деп мәлімдеді қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жанат Нұрпейісов өз сөзінде.
Айта кетейік, парк аумағы 11,3373 гектарды құрап, 75,5 мың шаршы метр жер көгалдандырылады. «Бұдан басқа, 2014-2016 жылдары Есіл өзенінің бойындағы парктің құрылысы аяқталып, қалалық паркті қайта құру жұмыстары жалғасады», - деді astana.kz сайтына Ж.Нұрпейісов.