«Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бастамасымен алғаш рет үгіт-насихат тобы еліміздің жемқорлыққа қарсы күрес саясатын түсіндіретін болады және азаматтарды жедел қабылдауды жүзеге асырады. Мобильді үгіт-насихат тобы халық арасында жемқорлыққа қарсы модельдің күнделікті өмірдің қалыпты жағдайы ретінде насихаттайтын құрал болмақ», - делінген Агенттіктің хабарламасында.
Аталмыш жоба Астана әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Тәжірибе ретінде алғашқы кездесу қалалық коммуналдық қызметтің төрт еңбек ұжымымен бірге өткізілді және шамамен 500 адамды қамтыған. Үгіт-насихат тобы бірінші «Астана су арнасы» коммуналдық кәсіпорнында болып қайтты. Енді осындай кездесулер «Астана - Зеленстрой», «Астана Тазалық», «Электровоз Құрастыру зауыты» ұжымдарында өтеді деп жоспарланған.
Бұдан әрі насихат тобы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, салық және көші-қон органдарының маңында қоғамдық қабылдау өткізеді. Ол үшін арнайы автобустар бөлінді, олар жүйелі түрде қала ішін, сонымен қатар еліміздің бірқатар өңірлерін аралайтын болады.