Астанада Жеңіс күніне арналған мерекелік концерт өтті

АСТАНА. 9 сәуір. ҚазАқпарат - Астанада М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында «Көктемнің шуақты күндері» атты акция аясында Жеңіс күніне арналған мерекелік концерт өтті.

Мерекелік бағдарлама балалар театрының соғыс тақырыбындағы қойылымымен ашылды. №10 мектеп-гимназиясының вокалдық тобы соғыс жылдарындағы әндердің жиынтығын орындады. Жас әртістерімен бірге ардагерлер мен қонақтар соғыс жылдарындағы сүйікті әндерді еске алды. Олардың орындауында «Әлия», «Жаса Қазақстан», «Көк орамал» сынды әндер шырқалды. Көрермендер алдында «Шоқжұлдыз» және «Бәйтерек» би ансамбльдері өз өнерлерін паш етті.  

«Бұл мәңгілік әндердің әуенімен соғыс ұмытылып, махаббат еске түсті. Бұл әндерді тыңдап жанымыз жасарды. Бұл әндер  жеңіске жетуге рух берген болатын», - деді шараға қатысқан ардагерлер.

Аталмыш концертті М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы мен қалалық білім беру басқармасы ұйымдастырып отыр. «Көктемнің шуақты күндері» акциясы аясында қалада «ерлік сабақтары», дөңгелек үстелдер, патриоттық әндер байқауы, сайыстар, эстафеталар және мерекелік концерттер сияқты түрлі шаралар өткізіледі.

Кезекті шарада 8 мамыр күні «Шаттан, Жеңіс көктемі» атты патриоттық ән фестивалі өтеді.