Астанада жеңілдетілген дәрі-дәрмекпен қамтуға 34,4 млрд теңге сұралды

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада амбулаториялық деңгейде жеңілдетілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағдарламасы жергілікті және республикалық бюджет, сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен жалғасып жатыр. Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының кезекті сессиясында қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айнұр Төлеуова мәлім етті.

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Оның айтуынша, тегін берілетін дәрілік заттардың тізбесі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің №75 бұйрығына сәйкес қалыптастырылады.

– Амбулаториялық деңгейде жеңілдетілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәслихаттың шешімі бойынша жергілікті бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрінің №75 бұйрығымен бекітілген тегін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тізбесі аясында республикалық бюджет пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бүгінде аталған тізбеге 95 нозология, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 502 атауы енгізілген, – деді Айнұр Төлеуова.

Басқарма басшысының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы бес айында 177 нозология бойынша шамамен 120 мың пациент тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Осы кезеңдегі қаржыландыру көлемі 12,8 млрд теңге болды.

Сондай-ақ 2026 жылға белгіленген лимит шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз етуге 34,4 млрд теңге көлемінде өтінім берілген.

Айнұр Төлеуова сирек кездесетін орфандық ауруларға шалдыққан пациенттер Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес жергілікті бюджет есебінен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетінін атап өтті.

– Биыл жергілікті бюджеттен 64 нозология бойынша шамамен 2 мың пациентті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 5,4 млрд теңге бөлінді, – деді ол.

Сонымен қатар 2026 жылға осы мақсатқа қосымша шамамен 556 млн теңге қарастыру ұсынылды. Басқарма бұл ұсынысты бюджеттік жоспарлау аясында қолдауды сұрады. Мәслихат депутаттары аталған ұсынысты қолдап, тиісті шешім қабылдады.

Сонымен қатар Астанада орфандық аурулары бар науқастарды дәрімен қамтуға қосымша қаражат бөлінеді.