Астанада жер дау-дамайлары жиі болып жатады
17:46, 24 Сәуір 2013
АСТАНА. 24 сәуір. ҚазАқпарат - Өткен жылы Астанада жер дау-дамайларына қатысты 600-ден астам іс қаралды. Оның ішінде 450 іс жер учаскелерін мемлекеттің меншігіне қайтарып алуға қатысты. Бүгін елордада өткен жиында Астана қаласы сотының судьясы Асқар Сүлейменов осылай айтты.
«Бұл - үлкен көрсеткіш, яғни бір жылдың ішінде жерге қатысты қаралған істердің 65,5 пайызы», - дейді А.Сүлейменов. Оның айтуынша, бүгінде Астана қаласының аймағы кеңейіп келеді. Осыған орай жер учаскелерін мемлекеттің меншігіне өндіру бойынша көптеген дау-дамайлар туындап жатады. Оның басым бөлігі әлі күнге өз шешімін тапқан жоқ. Әсіресе, Сарыарқа ауданы бойынша жерге қатысты сот істері баяу қаралады. Оның ішінде «Өндіріс» жатақханасы тұрғындарының ісі де бар.