Компанияның мәліметінше, 21 шілде күні күндіз Астанада Алматы мен Ақмешіт көшелерінің қиылысында, Сауран көшесі, 12 мекенжайы маңында бөгде ұйым көлденең-бағытталған бұрғылау әдісімен жер қазу кезінде АТС-40 қамту аймағындағы абоненттерді байланыспен қамтамасыз ететін әртүрлі сыйымдылықтағы 25 оптикалық кабельді зақымдады. Соның салдарынан бірқатар абоненттерде интернет, телефония және телевизияны қоса алғанда, байланыс қызметтері уақытша қолжетімсіз болып қалды.
— Қазір оқиға орнында «Қазақтелекомның» авариялық-қалпына келтіру бригадалары жұмыс істеп жатыр. Зақымдану көлемінің үлкен болуына байланысты қызметтер кезең-кезеңімен қалпына келтіріледі: кейбір абоненттерде байланыс ертерек, ал қалғандарында тиісті желі учаскелеріндегі жұмыстар аяқталған сайын қосылады. Жөндеу жұмыстары бүгін сағат 23:00-ге дейін аяқталады деп жоспарланған, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, жер және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде бөгде ұйымдардың кабельдік инфрақұрылымды зақымдауы байланыс желілеріндегі апаттардың жиі кездесетін себептерінің бірі болып отыр. Көптеген жағдайда мұндай оқиғалар рұқсатсыз, жұмыс істеп тұрған кабель желілерінің орналасқан жерін анықтамай жүргізген кезде туындайды.
Бұған дейін әлеуметтік маңызы бар қосымшаларды пайдалану кезінде интернет ақысы алынбайтынын жазған едік.