Астанада жергілікті мәселелерді шешуде қоғамдық кеңестің атқарар рөлі талқыланды

АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тұрақты даму мақсатындағы қоғамдық диалог» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы болып өтті.

Аталған шара жуырда мәресіне жеткен «Жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестердің маңызы мен даму факторлары: тәжірибе, мәселе және әлеуетін зерделеу» атты республикалық жоба аясында өткізіліп отыр. Жоба Сорос-Қазақстан Қорының «Мемлекеттік қаражаттың ашықтығы» бағдарламасының демеушілігімен Қазақстанның барлық өңірлерінде және Алматы мен Астана қалаларында ұйымдастырылған болатын.

Жоба аясында өткізілген зерттеулерде қоғамдық кеңестер мен үкіметтік емес ұйымдардың әріптестік қызметіндегі ашықтық пен тиімділік мәселелері зерделенді. Осы шара аясында облыс әкімдіктерінің жанынан түрлі мәселелерді талқылайтын кеңестер құрылған болатын. Аталған дөңгелек үстел барысында кеңестердің жергілікті әлеуметтік мәселелерді шешуде қаншалықты тиімді құрал болғандығы талқыланды.

Шараға мүдделі министрліктер мен ведомство өкілдері, үкіметтік емес және аймақтық даму секторларының сарапшылары қатысты.