Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева мәлім етті.
«Балаларды қорғау күнінің қарсаңында Астана қаласының әкімдігі Білім басқармасы 1 маусымда бірқатар іс-шаралар өткізеді. Елордалық саябақта таңертең оннан бастап кешке дейін «Сәлем, жаз!» атты ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылады. Эстрада жұлдыздарының қатысуымен қаланың барлық алаңдарында концерттер өтеді. Сонымен қатар жаңа Оқушылар сарайының алдында балалар мен олардың ата-аналарын мерекелік бағдарлама күтіп тұр», - деді ол.
Сондай-ақ қалада жеткіншектер мен балғындардың 1 маусым күні жақсы демалуына жасалатын жағдайлар бұнымен аяқталмайды.
«Астанада аз қамтылған отбасы балаларына және жетімдерге «Сарыарқа» кинотеатрлар желісі тегін жұмыс жасайтын болады. Сонымен қатар бұл балаларды «Думан» ойын-сауық орталығындағы океанариум мен джунгли аниматроникс кешендері де тегін кіргізеді. 1 маусым күні барлық балалардың автобустарда жолда жүруі тегін болады», - деді Э.Суханбердиева.