Астанада «Жібек жолы» халықаралық фестивалінің аясында «Біржан-Сара» операсы қойылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Опера» театры өзінің жаіңа маусымын тұңғыш «Жібек Жолы» халықаралық фестивалі шеңберінде 20 қыркүйекте «Біржан-Сара» операсын қояды. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.

Біржан партиясын бүгінгі күннің көрнекті теноры, осы партияны үздік орындаушылардың бірі - Ахмет Ағади ұсынады. Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Татарстанның халық әртісі, Сараның ролін сомдайтын республикамыздың еңбек сіңірген қайраткері, жарқыраған опера әншісі Айгүл Ниязовамен бірге шырқайды.

Аналықтың партиясын сезімтал, жүректі елжірететін Дина Хамзина орындаса, қызғаншақ Алтынайды Жаннат Бақтай ойнайды, Естай партиясында - Бейімбет Таңарықов.

Қазақтың композиторы Мұқан Төлебаевтің ұмытылмас туындысы - «Біржан-Сара», Абзал Мұхитдиновтың жаңа музыкалық редакциясынан өтіп, Юрий Александровтың қойылымында 2013 жылдың 21 маусымында «Астана Операда» тұсауы кесілген болатын.

«Біржан-Сара» операсы тек Қазақстан театрларында ғана емес, сондай-ақ, Алмания, Түркия, Ресей, Өзбекстан және басқа елдерде жоғары жетістікпен орындалуда. Туынды алғаш рет Алматыда Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында 1946 жылдың 7 қарашасында қойылған еді. Алғашқы орындағандар: Біржан партиясында - Әнуар Үмбетбаев, Сара партиясында - Күләш Байсейітова. Ресейде Мәскеу қаласында 1948 жылы қойылған бұл шығарма талғампаз өнер сүйер қауымның, білікті театр сыншыларының жоғары бағасына ие болды.

Мұқан Төлебаевтің «Біржан-Сара» операсы жастар арасында кеңінен таныла бастады. «Астана Опера» жүргізген маркетингтік зерттеуге сүйенсек, театрдың бірінші маусымында аталған спектакльде болып, сауалнамаға қатысқандардың жартысынан астамының жасы 18 бен 30 арасын құраған. Көпшілік, ұлттық операға, онда көтерілетін тақырыптың маңыздылығы мен өзектілігіне деген қызығушылықты атап өтті.