Елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Бабаев өрттің негізгі себептерін атады:
- Пешті жылыту кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, оның ішінде пештердің дұрыс жұмыс істемеуі және түтін мұржаларын уақтылы тазаламау;
- Азаматтардың өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауға немқұрайлы және салғырт қарауы;
- Электр аспаптарын дұрыс пайдаланбау және сапасыз жылыту құрылғыларын пайдалану;
- Электр сымдарының тозуы, сондай-ақ рұқсат етілмеген қосылыстарды пайдалану;
- Балаларды қараусыз қалдыру және балалардың отпен ойнауы;
- Алкогольге мас күйіндегі азаматтардың отқа абайсыздықпен қарауы.
— Астана қаласында халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын 983 отбасы, оның ішінде аз қамтылған және әлеуметтік бейімделмеген отбасылар есепте тұр. Жергілікті атқарушы органдармен, полиция қызметкерлерімен және еріктілермен бірлесіп профилактикалық рейдтік іс-шаралар жүргізіледі, — дейді ол.
Жүргізілген рейдтер барысында:
- 157 жеке тұрғын үй зерттелді;
- 700-ге жуық азаматқа өрт қауіпсіздігі талаптары мен қағидалары түсіндірілді;
- Өрт қауіпсіздігі талаптарының 38-ге жуық бұзылуы анықталды, оның 15,8%-ы жылыту жүйелерімен, ал 84,2%-ы электр желілерімен байланысты;
- 30 бұзушылық тікелей сол жерде жойылды.
Бұдан басқа, халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтардың тұрғын үйлерінде 12 улы газ датчигі орнатылған. Соңғы төрт жылда профилактикалық жұмыс аясында 3000-нан астам осындай датчиктер орнатылды.
Елордадағы ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды тұрғын үй жайларды жылыту кезінде өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауға шақырды:
- Пештің, электр және газ жылытқыштарының жарамдылығын тексеріңіз;
- Тек жарамды жылыту құрылғыларын пайдаланыңыз;
- Жабдықтың қызып кетуіне жол бермеңіз және электр құрылғыларын қараусыз қалдырмаңыз;
- Мұржаларды күйеден үнемі тазалаңыз;
- Үйде жасалған немесе ақаулы жылыту құрылғыларын пайдаланбаңыз;
- Өрт болған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөмірлері бойынша хабарлаңыз;
- Балаларды қараусыз қалдырмаңыз, олардың қауіпсіздігі әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз.
— Есіңізде болсын, өрт қауіпсіздігінің қарапайым қағидаларын сақтау өмірді, денсаулықты және мүлікті сақтауға көмектеседі. Әрбір азаматтың қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауы — өрттердің және олардың қайғылы салдарын алдын алудың кепілі, — дейді Ғабит Бабаев.
Кеше Қазақстанда бір тәулікте екі орман өрті тіркелді.