Астанада жылдамдықты 80 реттен астам асырған жүргізуші 15 тәулікке қамалды

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жол қозғалысы ережелерін бірнеше мәрте өрескел бұзған жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қарады.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Сот мәліметінше, азамат Ж. 2026 жылғы наурыз-маусым айлары аралығында жол қозғалысы ережелерін, оның ішінде жылдамдық режимін бұзғаны үшін 80 реттен астам әкімшілік жауаптылыққа тартылған.

– Әкімшілік жауаптылыққа бірнеше рет тартылғанына қарамастан, азамат Ж. өз әрекеттерінің қоғамдық қауіптілігін сезіне отырып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуды жалғастырған. Ол екі жағдайда көлік құралын сағатына 151 км және 126 км жылдамдықпен басқарып, белгіленген жылдамдықты едәуір асырған, – делінген сот хабарламасында.

Сот отырысында құқық бұзушы кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірген. Сондай-ақ жылдамдықты бірнеше рет асырғанын және барлық әкімшілік айыппұлдарды төлегенін растаған.

Іс материалдары бойынша оның кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, «Сергек» жүйесінің бейнежазбалары және фотоматериалдарымен, арнайы есепке алу деректерімен, сондай-ақ Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметтерімен дәлелденген.

– Сот азамат Ж.-ны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады. Жаза тағайындау кезінде құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігі, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына төндірген қауіп және жүргізушінің жыл басынан бері жылдамдықты асырғаны үшін 80 реттен астам жауапқа тартылғаны ескерілді, – деп мәлімдеді сот.

Айта кетейік, Абай облысында 172 жүргізушіге заңсыз салынған айыппұлдардың күші жойылды.