Астанада жол апатынан екі аяғынан айырылған қыз бала ауруханадан шықты
12:54, 17 Маусым 2025
АСТАНА.KAZINFORM — Жол-көлік оқиғасы салдарынан ауыр жарақат алған қыз бала ауруханадан шығарылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов мәлімдеді.
— Бүгінгі таңда бала стационардан шығарылды. Барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілді. Өкінішке қарай, бәрімізге белгілі, өмірін сақтап қалу үшін екі аяғын ампутациялауға тура келді, — деді вице-министр.
Оның айтуынша, бала реабилитацияны Ақмола облысындағы Егіндікөл ауданында өтеді. Себебі ол сол өңірге тіркелген.
— Қазіргі уақытта емхана оның жағдайына байланысты жеке оңалту бағдарламасын әзірлеп жатыр, — деді Тимур Мұратов.
Еске сала кетейік, аяғынан айырылған қыздың отбасына 20 млн теңгеге жуық төлем жасалғанын жазғанбыз.