Полицияның хабарлауынша, ол бірнеше ай бойы заң талаптарын әдейі елемей, қала көшелерін жарыс жолына айналдырған.
«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері BMW автокөлігін басқарған 29 жастағы жүргізушіні анықтады.
Ол биылғы наурыз бен маусым айлары аралығында 87 рет әкімшілік құқық бұзушылық жасаған. Олардың 55-і — белгіленген жылдамдықты асыру, 32-сі — қоғамдық көліктерге арналған арнайы жолақпен заңсыз жүру, сондай-ақ қарсы бағыттағы жолаққа шығу фактілері.
Ведомство құқық бұзушылықтар бір реттік емес, жүйелі сипатта болғанын мәлімдеді. Мысалы, наурыз айында Тұран даңғылы мен Ақмешіт көшесінде бейнебақылау камералары жүргізушінің бірнеше рет сағатына 129–131 шақырым жылдамдықпен жүргенін тіркеген.
Ал маусым айында ол қауіпті жүргізу мәнерін жалғастырып, Мұстафин көшесінде сағатына 126 шақырым, ал Мұхамедханов көшесінде рұқсат етілген 60 шақырымның орнына сағатына 151 шақырым жылдамдықпен жүрген.
— Мұндай көлік жүргізу тәсілі жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген. Жүргізуші заң талаптарын елемей, айналасындағылардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп, қоғамдық тәртіпке құрметсіздік танытқан, — делінген хабарламада.
Жүйелі түрде құқыққа қайшы әрекеттер жасап, қоғамға анық құрметсіздік білдіргені үшін полиция қызметкерлері оны ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік жауапқа тартты. Сот шешімімен ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Полиция жол ережесін жүйелі түрде бұзу, агрессивті көлік жүргізу және басқа азаматтарға қауіп төндіру әрекеттері жазасыз қалмайтынын ескертті.