Астанада Жол қауіпсіздігінің ұлттық тұжырымдамасының жобасы таныстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Тұңғыш Президент кітапханасында «Қазақстандағы жол қозғалысы қауіпсіздігінің өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шараны Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдарының академиясы Қазақстандағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырысқа Парламент депутаттары, Президент әкімшілігінің, Бас прокуратураның, орталық мемлекеттік органдардың, ғылыми ортаның, халықаралық ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Форумда Құқық қорғау органдарының академиясы мүдделі мемлекеттік органдар және үкіметтік емес сектордың сарапшыларымен бірлесіп әзірлеген Жол қауіпсіздігінің ұлттық тұжырымдамасының жобасы таныстырылды.

Отырыста сөз сөйлеген Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко күн тәртібінде тұрған мәселенің өзектілігін атап өтіп, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің заңға бағыну тәртібін қалыптастырудың және жолдағы жүріс-тұрыс мәдениетін арттырудың маңыздылығын атап көрсетті. Себебі әрбір жол-көлік оқиғасы жол қозғалысына қатысушылардың кінәсінен болады. Осы орайда азаматтардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің проблемалық мәселелерін шешу үшін бірыңғай құжат әзірлеу қазіргі заманның қауіп-қатерлеріне сәйкес жауап болып табылады.

Академияның ректоры Ұлан Байжанов атап өткендей, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бүгін әлемдік және ұлттық ауқымда өзекті сипат алып отыр. Елімізде жүргізіліп отырған жұмыстар кейінгі жеті жылда жолдағы өлімді екі есеге дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Бүгінде ол 100 мың тұрғынға шаққанда 15 адамды құрап отыр. Бірақ бұл көрсеткіш те Еуропа аумағы елдерінің және кейбір ТМД елдерінің арасында жоғары болып қалуда.

2020 жылға қарай жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім санын 100 мың тұрғынға шаққанда 6 адамға дейін төмендету - Жол қозғалысы қауіпсіздігінің Ұлттық тұжырымдамасының басты міндеті. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін бірнеше жыл бойы қажырлы еңбек ету қажет. Нәтижесінде бұл Тұжырымдама Қазақстанның жол-көлік оқиғалары кезіндегі шығын көрсеткіші ең төмен мемлекеттердің қатарына кіруіне мүмкіндік береді. Алдағы уақытта жол апаттары салдарынан адам өлімінің төмен деңгейіне қол жеткізуге жағдай жасау және оған жаппай ұмтылу тұжырымдаманың басты мақсатына айналады,- деді Ұ.Байжанов.

Жол қауіпсіздігі саласындағы проблемалардың оң шешімін табу үшін Ұлттық тұжырымдамада заңнамалық, білім және тәрбие беру, ақпараттық, ғылыми-әдістемелік, ұйымдастырушылық және техникалық мәселелерді қамтитын бірқатар шаралар қарастырылған.

Атап айтқанда, елді-мекендердегі көше және жол желілерін жасау мен дамытудың ұстанымдарын қозғалысты бәсеңдету жүйесін қолдана отырып түбегейлі қайта қарау көзделуде. Көптеген учаскелерде, әсіресе елді-мекендердегі жол қиылыстарындағы жылдамдықты 50 км/сағ. дейін, ал тәуекел аймақтарында 30 км/сағ. дейін шектеу керек. Апаттық жағдайды жасаған және жаяу жүргіншілерге жол бермеген жүргізушілердің әкімшілік жауапкершілігін қүшейту ұсынылады.

Жүргізушілерді даярлаудың сапасын арттыру үшін автомектептерде оқыту курстарын қайта жандандыру және оларға жетекшілік етуді Білім және ғылым министрлігіне тапсыру қажет. Балалардың қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында мектептерде «Жол қозғалысының ережелері» пәнін оқыту, балаларға велосипед жүргізуді және жол ортасына бейімделуді үйрету, жарық қайтаратын білезіктерді немесе балалар киімдеріндегі элементтерді пайдалануды енгізу мәселелері көтерілді.

Жол қозғалысы қауіпсіздігі саласында қызмет ететін мемлекеттік органдардың жұмысын тиімді үйлестіру үшін Жолдағы қауіпсіздік жөніндегі уәкіл институтын енгізу ұсынылды.

Форумды қорытындылаған Ұ.Байжанов жолдағы қаза табу санының тұрақты төмендеуіне қол жеткізу үшін мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен ғылыми ортаның күш-жігерін біріктіруге шақырды.

Талқылау қорытындысы бойынша жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жолдағы өлім деңгейін төмендетуге бағытталған ұсыныстар әзірленді. Олар Ұлттық тұжырымдама жобасын одан әрі жетілдіру кезінде қолданылатын болады.