Астанада жол-көлік апатынан зардап шеккен оқушының жағдай ауыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жол-көлік апатынан зардап шеккен 14 жастағы жасөспірімнің денсаулығы ауыр күйде қалып отыр. Ота кезінде оның бүйрегі мен көкбауыры алынып тасталды. Бұл туралы Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

«Бүйрек пен көкбауырды сақтап қалу мүмкін болмады. Себебі сол жақ бүйрегі мен көкбауыры езіліп кеткен. Қазіргі уақытта баланың жағдай өте ауыр. Ол қазір жансақтау бөлімінде», - деді басқарманың баспасөз қызметшісі «ҚазАқпарат» тілшісіне берген жауабында.

Басқарманың хабарлауынша, сонымен қатар онда қатты бассүйек-ми жарақаты бар, сондықтан ол қазір жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Оның үстіне дене жарақаттары да көп.

«Пациентке ота жасалды, бала есін жиған жоқ», - деп нақтылады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай, 7 қыркүйекте Иманов пен Асан Қайғы көшелерінің қиылысында жол апатынан төрт бала зардап шеккен болатын.

Алдын ала мәліметтерге қарағанда, Асан Қайғы көшесімен келе жатқан «Lexus» автокөлігінің 36 жастағы жүргізушісі Иманов көшесінің қиылысында «Мерседес» көлігіне жол берместен өтуге ұмтылып, соқтығысқан болатын.

Көлік соқтығысынан «Lexus» жүргізушісі рульді бұрып, кәмелетке толмаған жаяу жүргіншілерді басып, жол бойында тұрған «Лада» көлігін де түйіп өткен. Бұдан соң, «Lexus» көлігі соққының қаттылығынан «ZAZ» маркалы көлігіне қарай аударылып, ол болса серпінмен тағы бір «Митцубиси» маркалы көлікті соққан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші төрт бала зардап шекті. Атап айтқанда, 2002 жылы, 2005 және 2007 жылы туған төрт бала әртүрлі дене жарақатымен ауруханаларға жеткізілді.