Астанада жол полицейлері такси жүргізушісіне шабуыл жасаған бұзақыны ұстады

АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында Астана көшелеріндегі тәртіпті қадағалау үшін өңірлерден құқық қорғау органдары қызметкерлерін қосымша жұмылдыру алғашқы нәтижелерін бере бастады.

Жексенбі күні жол полицейлері такси жүргізушісіне шабуыл жасаған бұзақыны санаулы минуттарда құрықтады.

Астана қаласы Ішкі істер департаменті Жол полициясы басқармасынан мәлім еткендей, 7 қарашадан 8-іне қараған түні кезекшіліктерін атқару барысында екі жол полицейі Дүкенұлы көшесінің жиегінде «ВАЗ-2109» автокөлігін және оның жанында жатқан көліктің иесін байқаған. Сұрау барысында анықталғандай, қара түсті киімдер киген екі адам 59 жастағы көлік иесін соққыға жығып, белгісіз бағытта іздерін жасырған.

Жақын маңдағы аудандарды тексеру барысында 10 минуттан кейін, өзін Нұрлан Досжанұлы Тасмағамбетов деп таныстырған 1990 жылы туған азамат ұсталды. Жәбірленуші бұзақыны танығаннан кейін, ол «Сарыарқа» аудандық ішкі істер басқармасына жеткізілді.

Оң аяғы сынған таксист ауруханаға жеткізілді.