«Астана қаласындағы жол жөндеу жұмыстарына алғашқы жартыжылдыққа 5 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат зақым келген асфальттың үстіңгі жабынын ауыстыруға, шұңқырларды жөндеу секілді ағымдағы жұмыстарды жүргізуге жұмсалады. Бұл алғашқы жартыжылдықта жасалатын жұмыстар. Екінші жартыжылдықтан бастап жыл соңына дейін тағы 50 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған», - деп мәлімдеді басқарма басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, сәуір-мамыр айларында Астанада жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты кейбір көшелер жабылады. Атап айтқанда, 15 - 25 сәуірде Алматы көшесінің Қабанбай батыр даңғылымен қиылысы, 26 сәуірден бастап 10 мамырға дейін Керей-Жәнібек хандар көшесінің Қабанбай батыр даңғылымен қиылысында қозғалыс уақытша шектеледі. Сонымен қатар, мамырдың 10-ы мен 15-і аралығында Қабанбай батыр даңғылының Орынбор көшесімен (Сығанақ к-сі) қиылысы уақытша жабылады. 15 сәуірден 15 мамыр аралығында Н.Тілендиев даңғылында Ш. Бейсекова көшесімен қиылыста, 16-26 мамырда Ш. Бейсекова көшесінде Н. Тілендиев даңғылы мен С. Сейфуллин көшесінің арасында қозғалыс шектеледі.
15 сәуір - 30 мамыр аралығында сол жағалаудағы 11 көшеде, оң жағалаудағы 3 көшеде жол жабынын жөндеу жұмыстары жүргізіледі.