Ондағы деректерге сүйенсек, 2008 жылдан бері дизель отынының 1 литрі 75 теңгеден 115 теңгеге дейін, яғни 65%-ға өскен. Тасымалдаушылардың қосалқы бөлшектер мен материалдарға шығыны 80%-ға артқан. Ал, елорда тұрғындарының орташа жалақысы 91,2 мыңнан 146,9 мың теңгеге дейін, яғни 61,1%-ға көтерілген. Жолақы құны болса 2008 жылдан бері өзгеріссіз қалуы себепті бүгінде бұл саланы дамытуға қаржы жетіспейді.
Осы себепті Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Әбдіхамит Тамабаев: «Қалалық қоғамдық көліктің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін қоғамдық көлікте бір реттік жолақы құнын ересектер үшін 100 теңге, балалар үшін 40 теңге көлемінде белгілеу қажет деп санаймыз», - деді.