Автопарк басшыларының айтуынша, Астанада қоғамдық көлікпен жүру 60-65 теңге болып бекітілгеніне 6 жыл болды. Енді бұл тарифты бірден 66 пайызға көтеру жоспарланып отыр. Оның себептері де жоқ емес. Астана қаласы №4 автобус паркі директорының орынбасары Есенғазы Әлмағанбетовтің айтуынша, қ осалқы бөлшектердің бағасы жылдан-жылға өсіп барады. 2010 жылмен салыстырғанда екі есеге өскен. Жанар-жағармайдың бұрын 76 теңге болса, қазір 115 теңге. Автопарк басшылары жолақы қымбаттатудың басқа да себептерін айтып дабыл қағуда. Бүгінде қоғамдық көлік жүргізушісінің орташа айлығы - 100 мың теңге. Ал, бұл қызметкерлерді қынжылтады. Осы себепті бас қалада 250-ге жуық жүргізуші жетіспейді екен.
Әбдіхамит Тамабаев, Астана қаласы Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары: «Осыған байланысты тарифтерді қайта қарастыру туралы бізге ұсыныс жасады. Біз осыны қарастыру үшін Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының бұйрығымен жұмыс тобын құрдық. Жұмыс тобына алдымен экономист-финансист мамандар тартылды. Комиссияның алғашқы шығарған есептемесі бойынша бір кісіні тасымалдау құны - 113 теңге. Әйткенмен, бұл мәселе қайта қаралып, билет құны 100 теңгеге төмендеген. Алайда, қоғамдық көлікпен күн сайын қатынайтын қала тұрғындары бұл бағаны қымбатсынады». Халық пікірі: «Жалақымыз 40-60 мың теңге. Жұмысқа барып-келуімізді есептей беріңіз. - Жолақы билеті қазір 5700 теңге, баға өзгерсе, қанша болады сонда? - 60 теңге де, 100 теңге де қымбат». Баға мәселесі жуырда шешімін таппақ. Жауапты органдардың айтуынша, арнайы топтың сұрыптауынан өткен ұсыныс, алдағы күндері мәслихатқа жолданады.