Астанада Жошы ұлысы мен қазақ тарихына арналған халықаралық конференция өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы Мемлекеттік әскери-тарихи музейде «Қазақ мемлекеттілігінің бастауы - Жошы ханнан қазіргі заманға дейін» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр.

Фото: Kazinform

Ұлттық қорғаныс университетінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан іс-шараға Қазақстан мен көрші елдердің ғалымдары, Парламент депутаттары, ҚР Қарулы күштері мен өзге де әскери құрылымдардың басшылары, ардагерлер мен жас әскерилер шақырылған. Конференцияның ашылуында сөз алған университет бастығы Асқар Мұстабеков

«Бүгінгі конференция арқылы Жошы ұлысының қазақ тарихына, оның мемлекет ретінде қалыптасуына тигізген әсері туралы ғылыми деректерді әскери сала өкілдерінің санасына сіңірсек деген де мақсатымыз бар. Конференцияның қорытындысы бойынша Жошы ұлысы мен қазақ мемлекеттілігінің арасындағы байланыс туралы үлкен бір жинақ өмірге келеді деген жоспарымыз бар. Ол жинақ жалпы оқырманға арналады», - деді ол. 

Еске салсақ, Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған конференциялардың бірінде Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Дүкен Мәсімханұлы Шыңғыс хан мен Жошы ұлысы болмағанда Орта Азия халқы араб-парсы тілді болуы мүмкін еді деген пікір айтқан болатын

«Біз үшін Шыңғыс ханның еңбегі – біздің осы ұлы далада түркі халықтары ретінде қалыптасуымызға, түркі халықтары ретінде мемлекет құруымызға негіз салып берді. Әсіресе, Шыңғыс ханның екі ұлынан тараған Жошы ұлысы мен Шағатай хандығы біздің бүгінгі түркі халықтарының мемлекет болуына негіз қалап берді», - деген еді тарихшы.