Астанада жуырда желілік мұз айдыны ашылады

Елордалық саябақта қыс мезгілі ресми түрде ашылды. Ашылу құрметіне сахнада эстрада жұлдыздары өнер көрсетті, ал іс-шара қонақтарының арасында сертификаттар мен сыйлықтар ойнатылды. Жуырда аталмыш саябақта желілік мұз айдыны ашылады, деп хабарлайды Kazinform елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Фото: Астана қаласының әкімдігі

Қысқы демалыс орнында естелікті фотосуреттер үшін әртүрлі фотоаймақтар орнатылған. Гирляндтармен безендірілген шыршалар мен қарағайлар саябаққа ерекше мерекелік атмосфера сыйлап тұр. Сонымен қатар мұндағы келетін демалушыларға арнап түрлі тамақтану орындары мен тегін мұз сырғанақтары ашылды.

Сондай-ақ сынап бағаналары төмен температураға түскеннен кейін саябақта мұз айдынының соңғы қабаты құйылады. Бұл – елордадағы алғашқы және ең ұзын желілік мұз айдыны. Оның ұзындығы – бір бағытта 290 метр, ал жалпы сырғанау жолының ұзындығы 580 метр болмақ. Өз конькилері бар келушілер үшін мұз айдынына шығу тегін болады. 

Саябаққа Тұран даңғылы (сағат ескерткішінің жанында) жағынан кіруге болады.