Астанада жүк көлігі велосипед мінген баланы қағып кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада жүк көлігі кәмелетке толмаған велосипед мініп кетіп бара жатқан баланы қағып кетті. Оқиға салдарынан бала көз жұмды.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 26 мамыр күні Тәуелсіздік даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысында болған.

— «Mercedes» маркалы жүк көлігінің жүргізушісі Тәуелсіздік даңғылымен келе жатып, Пушкин көшесіне оңға бұрылған кезде жолды кесіп өтіп бара жатқан велосипедшіні қағып кеткен. Жол апаты салдарынан кәмелетке толмаған бала алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды, — деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Көлік коммуналдық тұраққа қойылды.

Тергеу барысында құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Полиция жүк және жеңіл көлік жүргізушілерін жылдамдық режимін сақтауға шақырды.

Сондай-ақ жаяу жүргіншілер өткелі, тұрғын аумақтар, мектептер мен аулалар маңында барынша мұқият болу қажеттігін ескертті.

Ведомство өкілдері жүргізушілер жолдағы велосипедшілер мен жаяу жүргіншілердің барын ескеруі тиіс екенін атап өтті.

Осыған дейін Павлодарда жол апатынан екі адамның көз жұмғаны туралы жаздық.