Астанада жүкті әйел перинаталдық орталықтың еденіне босанып қалған

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы №2 перинаталдық орталықта акушерлерден көмек болмаған жүкті әйел еденге босанып қалған. Оқиға туралы әкімдікте өткен отырыста елорда басшысы Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әкімнің сөзіне қарағанда, оқиға №2 перинаталдық орталықта 19 ақпан күні болған. Орталықтың босану бөлімінде келіншек дәрігерлердің көмегінсіз, өзі еденге босанған.

«Абырой болғанда бала мен ананың денсаулығына зиян келмеген. Бірақ, бұл жағдай ерекше бақылауға алынуы тиіс деп ойлаймын. Мұндай оқиғалар жүйесіздіктің салдарынан орын алған», - деді Б.Сұлтанов.

Сонымен қатар, ол 2018 жылы босану кезінде сегіз әйелдің қайтыс болғанын, оқиғалар санының 2017 жылғы көрсеткіштен төрт есе жоғары екендігін алға тартты.

«Біздің денсаулық сақтау жүйесінде мұндай былықтар неліктен орын алуда?»- деп сұрады әкім Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлия Рүстемовадан.

«Мұндай жағдайдың орын алғаны, рас. Жүкті әйел 18 ақпанда келіп түсті. 19 ақпанда оның толғағы күшейе бастаған. Сағат 12-де бөлімше меңгерушісі оны қарағанда, ол босану бөлімшесінде болған. Ол жылдам босанды. Бұл күні бөлімшеде 37 әйел туды. Осы уақытта үш акушер төрт әйелді босандырып жатқан болатын. Сондай-ақ, барлық дәрігерлердің қатысуымен операция жасалып жатты. Не десекте, бұл жағдайда олқылықтар бар», - деп жауап берді ол.

Осы ретте, қала басшысы Ә.Рүстемоваға ресми ескерту жасайтынын айтты.

«Демек, тиісті күш салу керек. Сізге ресми түрде ескерту жасап отырмын. Барлық жүйе бойынша шаралар қолданыңыз. Бұл барлық басқа медициналық мекемелер үшін белгі болуы тиіс. Сондай-ақ, барлық денсаулық сақтау нысандарының жұмысына мониторинг жүргізіп, штаттан тыс барлық жағдайлар бойынша нақты іс-қимыл алгоритмін пысықтаңыз», - деп тапсырды Б.Сұлтанов.

Айта кетейік, әкімдікте өткен аталмыш отырыс барысында елорда басшысы Бақыт Сұлтанов, сондай-ақ жуырда оқушы баланың құдыққа құлап, мерт болуына байланысты жауапты тұлғаларға қатаң сөгіс жариялады.

Соңғы жаңалықтар