Астанада жұмыс берушілер қажетті мамандарды даярлауға өтінім бере алады
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада мамандарды қысқа мерзімде даярлап шығаратын мобильді орталық жұмыс істейді. Орталықта қандай мамандарды даярлайды? Толығырақ Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры Олжас Омар айтып берді.
«Биыл елордада 210 адамды қысқа мерзімде оқытуды жоспарлап отырмыз. Қазір 100-ге жуық адам оқып жатыр. Осы орайда жұмыс берушілерге хабарландыру, өтінім берсеңіздер, біз мамандарды даярлауға дайынбыз. Өйткені, қысқа мерзімде оқыту жұмыс берушілердің тапсырысы бойынша жүзеге асырылады. Бүгінде біздің орталықта тігінші, аспаз, шаштараз, маникюр шебері, тәрбиешінің көмекшісі, электрик, электро газбен дәнекерлеуші мамандары оқытылды», - деді Олжас Омар Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Орталық басшысының айтуынша, қысқа мерзімді курстан өткендерге 32 мың теңге шәкіртақы беріледі.
«Одан бөлек, медициналық тексеруден өтуге 7 мың теңге материалдық көмек бар. Ал егер оқыту жұмыс берушінің мекемесінде ұйымдастырылса, қатысушыға 73 мың теңге жалақы төленеді. Сонымен қатар оқуды аяқтаған соң қатысушыға сертификат және тұрақты жұмысқа орналасуға кепілдік беріледі», - дейді ол.
Қосымша сұрақтар бойынша Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 9 мекенжайындағы «Мансап» орталығынан немесе 24-89-48, 24-93-09 телефон нөмірі арқылы жауап алуға болады.