Астанада жұмысшылардың көші-қон процесін тиімді басқару мәселесіне арналған дөңгелек үстел отырысы өтуде

sp;АСТАНА. Қарашаның 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанада «Қазақстан Республикасындағы жұмысшылардың көші-қон процесін тиімді басқару - жұмысшы мигранттардың құқықтарын қорғаудағы кәсіподақтардың атқаратын рөлі» атты тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өтуде,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш шараға кәсіподақ ұйымдарының өкілдері мен Парламент депутаттары және министрліктер мен ведомство қызметкерлері сондай-ақ халықаралық ұйымдардың еліміздегі өкілдігінің басшылары қатысуда.

Отырыста күн тәртібіндегі мәселе жөнінде сөз қозғаған Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашевтың сөзіне қарағанда, мигранттар мәселесі бүгін тек Қазақстанда ғана қалыптасып отырған жоқ. Әлемде жаһандану үдерісі жүріп жатқандықтан бұны әлемдік деңгейдегі мәселе деуге болады. «Әрине, оның проблема тудырып отырған жақтары да бар. Қазақстан мигранттарды көп қабылдап отырған елдердің бірі. Сондықтағы бұл бағыттағы жұмыстар көп еңбек етуді және еліміз тарапынан нақты шешімдер қабылдауды қажет етіп отыр. Кеше ғана Парламент Мәжілісі мигранттардың құқықтарына қатысты конвенцияны мақұлдады. Бұл құжат мигранттарға қатысты елдегі қалыптасқан мәселені шешуге ықпал етеді деген үміттеміз. Көші-қон процестерін реттейтін құжаттар бізде жетерлік. Бірақ олар әлі де болса жетілдіруді қажет етеді және олардың кейбірі толық күшінде жұмыс істеп отырған жоқ. Сондықтан бұл мәселемен тереңірек айналысқан жөн. Бүгінгі біздің басқосуымыздың мақсаты да осы», деді С.Мұқашев.

 Осыған қарай отырысқа қатысушылар еңбекші мигранттар мәселесіне қатысты елде қалыптасқан жағдай жөнінде өзара пікір алмасып, бұл мәселеге қатысты Парламент депутаттарының пікірлері мен мемлекеттік орган қызметкерлерінің мәліметтерімен таныспақ.