Қазақстан картасын жасау идеясы қалай туды?
«Өнермен өрілген Қазақстан» жобасының идеясы көркем еңбек сабағында туған. Ләззат Атыбай оқушыларына жүннен шағын бұйымдар жасауды үйретіп жүріп, балалармен бірге ауқымды туынды жасауға бел буған. Таңдау Қазақстан картасына түскен.
— «Неге бәріміз бірігіп, үлкен дүние жасамасқа?» деген ой келді. Мақсатым — ата-бабадан келе жатқан киіз басу өнерін дәріптеп, балаларға үйрету. Сөйтіп, Қазақстан картасын жасауға кірістік, — деді Ләззат Атыбай.
Картаның негізіне мата төселіп, жүн арнайы инемен шаншып өңделген.
Картаны жасауға қанша жүн жұмсалды?
Туындыға 10–15 келі жүн кеткен. Матасымен қоса есептегенде оның жалпы салмағы 25–30 келіге жетеді.
Жүнді өңдеуге арналған инелер өте жіңішке болғандықтан, жұмыс кезінде жиі сынған. Жоба барысында 2 мыңға жуық ине жарамсыз болған.
Картада еліміздің өңірлері түрлі түспен бейнеленген. Автордың айтуынша, реңктерді таңдағанда аймақтардың табиғи ерекшеліктерін ескеруге тырысқан.
— Алматы жақты жасыл реңктермен, батыс өңірлерді сарғыш түстермен бердік. Түстерді әр өңірдің ерекшелігіне қарай таңдауға тырыстық, — деді ол.
Оқушылар жоба барысында нені үйренді?
Жобаға бастауыш және орта буын оқушылары атсалысқан. Мұғалімнің айтуынша, жұмыс кезінде балалардың қызығушылығы қолөнермен шектелмей, тарих пен географияға да ауысқан.
— «Менің туған жерім қайда?», «Неге біздің облыстың аумағы кішкентай?», «Неге Қарағанды үлкен?» деп сұрай бастады. Содан өздері ізденіп, өңірлер туралы мәлімет қарады. Осылайша, көркем еңбек сабағы тарих және географиямен де байланысып кетті, — деді Ләззат Атыбай.
Педагог баланы қолөнерге ерте жастан баулыған жөн деп санайды. Оның пікірінше, бала күнінде меңгерген өнер кейін кәсіпке де айналуы мүмкін.
— Қыздарға «Ертең осы өнерді кәсіпке айналдыруларың мүмкін» деп айтып отырамын. Өзім де мектепте сабақ бере жүріп, бос уақытымда тапсырыс алып, қолөнермен айналысамын. Білгенімді балаларға үйреткім келеді, — деді ол.
Жүнді неге шетелден алуға тура келді?
Картаға отандық және шетелдік жүн пайдаланылған. Ақ жүн Тараздан алынса, түрлі түсті жүннің бір бөлігі Ресей мен Түркиядан жеткізілген.
Ләззат Атыбайдың сөзінше, Қазақстанда қолөнерге қажетті дайын, сапалы боялған жүнді табу оңай емес.
— Өзіміздің өнімді пайдалануға тырысамыз. Бірақ түрлі түсті жүннің бір бөлігін Ресей мен Түркиядан алдық. Олардың бояуы су тигенде шықпайды. Бізде де жүн өңдеу ісі дамып, өнім сапасы арта берсе екен деймін, — деді ол.
Педагог елімізде жүн өңдейтін кәсіпорындар көбейсе, отандық қолөнерге де мүмкіндік артады деп есептейді.
— Өзімізде шикізат бар. Оны өзіміз өңдеп, пайдалануға мүмкіндік болса, отандық кәсіпті де қолдаймыз, — деді Ләззат Атыбай.
Жоба әлемдік рекордқа ұсынылады
Жоба Ұстаздар күніне арналған. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, картаны әлемдік рекордқа тіркеу жөніндегі өтінім GBR Global Best of Records ұйымына жолданған. Өтінімнің қабылданғанын растайтын ресми хат алынған. Туындыны 29 қазанда әлемдік рекордқа ұсыну жоспарланып отыр.
Сол күні ұлттық құндылықтарға арналған 500 туындыны таныстыру да көзделген. Оларды еліміздің әр өңіріндегі мұғалімдер әзірлеп жатыр. Картиналарда Қазақстанның табиғаты, тарихи орындары, құстары, өсімдіктері мен ұлттық мұрасы бейнеленбек.
— Ата-бабамыз осы өнерді бізге қалдырды. Енді оны дәріптеп, балаларға үйретіп, келесі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Ұстаз ретінде мұны өз міндетім деп білемін, — деді жоба авторы.
Картаның алдағы уақытта қайда сақталатыны әзірге белгісіз.
— Бұл картаға қаншама еңбек жұмсалды. Егер әлемдік рекордқа еніп, Ұлттық музей алуға ниет білдірсе, берер едім. Көпшілік көретін жерде тұрса деймін, — деді Ләззат Атыбай.
Көркем еңбек сабағында туған бастама осылайша ауқымды жобаға ұласты. Автор үшін оның басты нәтижесі — балалардың ұлттық қолөнерге қызығып, ел өңірлерін танып-білуге ұмтылуы.
Бұған дейін Ақтөбеде жылына 3 600 тоннаға дейін қой жүнін өңдейтін кәсіпорын іске қосылғанын жазған едік.