Астанада жүргізуші келіншек машинасын жолдың қарсы бетіндегі көлікке соқты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сейфуллин көшесінің бас жағына бағыт алған ақ түсті «Мерседес» маркалы көлікті жолдың қарсы бетіне шығып кеткен машина келіп соқты. Бұл туралы оқиға орнында болған ҚазАқпарат тілшісі хабарлады.

Қазір оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция келіп жетті. Медицина қызметкерлері қарсы бетке шығып кеткен «Митсубици Каризма» көлігінің салонында болған жолаушыға көмек көрсетуде. Жол апатынан осы азамат қана жарақат алған. Ал қалған екі жүргізуші зардап шекпеген.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, қызыл түсті «Митсубици» рөлінде әйел адам отырған. Куәгерлер «келіншектің мас болғанын байқадық» деп сендіруде.

Қазір полиция қызметкерлері жол апатының себептерін анықтау үшін тексеру іс-шараларын қолға алған. Ал олар жол-көлік оқиғасының себептері мен оған қатысты толыққанды ақпарат осы іс-шаралардың қорытындысы бойынша берілетіндігін мәлім етті.