Елордада ІІМ жол қозғалысын бақылаудың автоматтандырылған «Қорғау» жүйесі 26 сәуірден бастап іске қосылды. Содан бері жол қозғалысы ережелерін бұзушылар туралы мәлімет қызметкерлердің планшеттеріне тікелей түседі, бұл – заң бұзушылықты жылдам анықтауға мүмкіндік береді.
«Мәселен, рейд барысында мобильді қосымшаға көлік жүргізу құқығынан айрылған жүргізушілерге қатысты хабарламалар түсті. Бір күнде 3 жүргізуші ұсталды, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 3-бөлігі (Көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған жүргізушінің көлік құралын жүргізуі) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жүргізушілерге 50 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Барлығының бұрын сот шешімімен 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды. Автокөліктер коммуналдық тұраққа орналастырылды», - делінген баспасөз мәлімдемесінде.
ІІМ «Қорғау» мобильді қосымшасы іске қосылғалы бері 4 925 жүргізушіге әкімшілік құқық бұзушылық бойынша берешегі туралы хабарлама жіберілген. Нұр-Сұлтан қаласының коммуналдық тұрағына 673 автокөлік орналастырылды. Сонымен қатар, көлікті жалған нөмірмен басқарған 84 жүргізуші, құжатсыз 395 жүргізуші және көлікті басқару құқығынан айырылған 169 жүргізуші ұсталды.