Астанада жүргізушілердің мас күйінде көлік жүргізу оқиғалары азаяр емес- қалалық сот

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының сотында 2015 жылы атқарылған жұмыстың қорытындыларына арналған кеңейтілген кеңес болып өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасының төрағасы А.Қыдырбаева, Астана қаласы сотының төрағасы Т.Бәрпібаев, елордалық сот алқаларының төрағалары, судьялары, кеңсе басшысы, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары қатысты.

Кеңейтілген кеңестің жұмысын Т.Бәрпібаев ашты. Ол елорда соттары жұмысының негізгі қорытындыларын, атап айтқанда, сот төрелігін жүзеге асыру, іс-қағаздарын жүргізудің жай-күйі, БАҚ-пен өзара іс-қимыл, материалдық-техникалық және кадрлық қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықпен күрес және т.б. бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Астана қаласы соттарының 2015 жылы қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарау қорытындылары туралы апелляциялық сот алқаларының төрағалары Б.Естай мен А.Кенжеғарин баяндама жасады. Олар бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың сот төрелігін жүзеге асырудың сандық және сапалық көрсеткіштері туралы мәлімдеді.

Отырыста айтылған статистикаға сәйкес бірінші сатылы соттар қараған азаматтық істердің саны 47 449 істі құрайды, бұл көрсеткіш 2014 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 352 бірлікке көбейген. Азаматтық істерді қарау жүктемесіне сәйкес Алматы аудандық сотының қараған істері барлық қала бойынша істердің 24%-ын құрайды. 34 614 әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша істер ішінен белең алып тұрғандары жүргізушінің алкоголь немесе есірткімен мас күйінде көлік құралын жүргізуі мен ұсақ бұзақылықтар болып отыр. 2015 жылы қалалық соттар барлығы 3 332 қылмыстық істі қарады. 2 315 сотталғандар арасынан нақты бас бостандығынан 26,2%-ға айырылып, жазалау тәжірибесі 8,6%-ға азайған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасының төрағасы А. Қыдырбаева өз сөзінде инвестициялық сот судьялардың неғұрлым мамандануын және экономикалық сипаттағы істерді қарауда кәсіби шеберлігін қамтамасыз етеді. Әділ сот жүйесі мен тұрақты заңнама - инвестициялық ахуалдың негізгі жағымды тұсы болып табылатынын атап өтті.

2015 жылдың қорытындыларын түйіндей келе, қалалық соттың төарағасы: «Жалпы алғанда, өткен жылда елордалық соттардағы сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындылары сапаны жақсарту және істерді қарау мерзімдерін сақтау үрдістерінің сақталуымен сипатталады. Бұған соңғы екі жыл көлемінде соттар қызметін заңнамалық, кадрлық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша қабылданған іс-шаралар ықпал етті», - деді.

Бұдан әрі Т.Бәрпібаев кеңеске қатысушыларды Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында айтылған, сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар туралы хабардар етті. «Осы шараларды іске асыру соттардың жұмыс тиімділігін айтарлықтай арттырып, кәсіби әрі қолжетімді, әділ де тәуелсіз болуына мүмкіндік береді», - деп атап өтті сот төрағасы.

Кеңес қорытындысы бойынша елорда соттары жұмысының өзекті мәселелеріне қатысты пікір алмасу өрбіді. Сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсарту, судьялар мен кеңсе қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру, судьялыққа үміткерлермен кадрлық жұмысты күшейту, соттардың ашықтығын қамтамасыз ету бағытында атқарылатын жұмыстар бойынша бірқатар негізгі мәселелер айқындалды, деп хабарлайды Астана қалалық сотының баспасөз қызметі.