Астанада жүргізушімен жанжалдасып, автобус әйнегін сындырған жолаушы жазаланды

АСТАНА. KAZINFORM — Жүргізушімен жанжалдан кейін автобустың әйнегін сындырған жолаушы сот шешімімен 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттелді.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Полицияға қалалық автобустардың бірінде жолаушы жанжал шығарып, жүргізуші кабинасын салоннан бөліп тұрған әйнекті сындырғаны туралы хабарлама түскен.

— Тексеру барысында 44 жастағы ер адамның жеке басы анықталды. Белгілі болғандай, жанжалдың шығуына автобус оның түсуге тиіс аялдамаға тоқтамай, өтіп кеткені себеп болған. Осыдан кейін жолаушы жүргізушімен сөзге келіп, ашуға булығып, жүргізуші кабинасы мен салонды бөліп тұрған әйнекті жұдырығымен ұрып сындырған, — деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ол келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттелді.

Полиция кез келген даулы жағдай заң аясында шешілуге тиіс екенін, агрессивті әрекет, мүлікті бүлдіру және қоғамдық тәртіпті бұзу заңнамада көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.

Еске салайық, бұған дейін Астанада қоғамдық орында балағат сөз айтқан спортшы жазаланғанын хабарлаған едік.