Астанада журналистерге LRT вагондары таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада журналистерге LRT вагондары таныстырылды. Қытайда құрастырылған вагондар елорданың климаттық ерекшеліктеріне бейімделіп жасалған. Олар биыл қыста ауа температурасы -30 градусқа дейін төмендеген кезде сынақтан өткізілген.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

«City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаевтың айтуынша, вагондарды әзірлеу кезінде шу деңгейін төмендетуге ерекше назар аударылған.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

– Қазақстан тарапының талабы бойынша шуды барынша азайту үшін вагон қабырғалары қалыңдау етіп жасалды. Соның арқасында пойыздың іші де, сырты да өте тыныш. Бұл үшін арнайы резеңке материалдар пайдаланылды, – деді ол Бірыңғай диспетчерлік орталықты аралау кезінде.

Оның мәліметінше, бір құрамның ұзындығы 60 метр. Биіктігі – 3,8 метр, ал ені – 2,8 метр. Әр құрам төрт вагоннан тұрады және 600-ден астам жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік береді.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Сондай-ақ, LRT-ның орташа жылдамдығы сағатына 50-60 шақырым болады деп жоспарланып отыр.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

- Пойыздар аралығы шамамен 5-6 минут. Ал ұзындығы 22 шақырым болатын бағытты жолаушылар 40 минут шамасында жүріп өте алады, – деді компания басшысы.

Бұған дейін Астана әкімі Жеңіс Қасымбек LRT желісіндегі сынақ жұмыстары іс жүзінде аяқталып, жүйе толықтай пайдалануға дайын екенін мәлімдеген еді.