Бұл туралы бүгін қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың төрағалығымен өткен кеңесте мәлім болды.
Қала басшысының орынбасары Василий Крыловтың айтуынша, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан жаңа үйлерді тұрғындарға тапсырудың нақты тетіктерінің болмауы көптеген проблемаларды туындатып отыр. Оған бүгінгі күні пайдалануға берілген №6-шы тұрғын үй кешені мысал бола алады. Кешендегі 479 пәтердің кілттерін қазіргі күні 203 тұрғын ғана алған. Олардың ішінде үйге нақты қоныстанғандары 89 болса, келісімшарттарға отырғандары тек 50 ғана. Айта кетейік, аталмыш көппәтерлі тұрғын үй кешені 2005-2007 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында салынды.
«Осылайша, пәтерлердің жартысынан астамында коммуналдық қызметтер (әсіресе жылу) төленбей отыр. Нәтижесінде жиналған 7 миллион теңге көлеміндегі дебиторлық қарыз «Тұрмыс» ЖШС-ға беріледі. Аталмыш ЖШС тұрғын үйді қолданысқа берумен айналысады. Ал оның бюджетінде келісімшартсыз қолданылған қызметтердің шығындарын өтеуге қаражаттар қарастырылмаған. Нәтижесінде «өлі» дебиторлық қарыздар қалыптасуда», - деп атап өтті ол.
Осыған орай В.Крылов, «Астанада жаңадан тұрғызылып жатқан үйлер, оларға пайдаланылған электр жарығының көрсеткіштерін қашықтықтан көруге мүмкіндік беретін заманауи құрылғылар орнатылғаннан кейін ғана пайдалануға берілсе», деген ұсынысын білдірді.