«Полиция департаменті жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды сұрайды. Елордада жыл басынан бері балалардың терезеден құлап кетуінің 24 фактісі тіркеліп, 3 бала қаза тапты», - делінген ресми ақпаратта.
Департаменттің мәліметінше, қараусыз қалған балалар терезе алдына өздігінен шығып құлап кетеді.
«Балалардың терезеден құлап кетуі көбінесе ересектердің олардың мінез-құлқын бақыламауынан, терезені жабуды ұмытып кетудің салдарынан туындап жатады. Сонымен қатар адамдардың аталған мәселеге салғырт қарайтындығы да себеп. Мысалы, терезелерде қорғаныш құралының болмауы немесе жиһаздардың дұрыс орналастырылмауы», - дейді ведомстводан.
Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті қауіп-қатердің алдын алу мақсатында келесі ережелерді сақтау керектігін ескертеді:
- пәтердегі терезелерді ашып, үй-жайды желдету кезінде, баланы қадағалап отырыңыз;
- баланың балконға ересектердің қарауынсыз шығуына жол бермеңіз;
- ұйықтап жатқан баланы ешқашан пәтерде жалғыз қалдырмаңыз, ол оянып, ашық терезеге шығып қарауы мүмкін;
- барлық жиһаздарды, соның ішінде төсектерді терезелерден алыстатыңыз, бұл баланың терезеге кездейсоқ шығып кетуіне жол бермейді;
балаға терезеден немесе балконнан көшеге қарау үшін аяғының астына орындық немесе басқа құрылғыны қоюды үйретпеңіз, кейінірек осылай әрекет ете отырып, ол тым еңкейіп терезеден құлап кетуі мүмкін;
- москит торлары үлкен қауіп төндіреді: бала алда қандай да бір тірегіш барын көреді де оған сенімді түрде сүйенеді, нәтижесінде ол тіпті ең кішкентай бір жасар баланың салмағына арналмаған тормен бірге құлап кетуі мүмкін.