Астана қаласы мәслихатының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сауда, көлік, экология және құрылыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысында тұрғын үйлерді салу бойынша мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Астана қаласы Құрылыс басқармасының басшысы Владимир Лютовтың мәліметінше, жыл соңына дейін жалпы ауданы 39,6 мың шаршы метрді құрайтын 1428 пәтер тапсырылады.
«Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасы өткен жылдың маусым айында Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгімемлекеттік бағдарламасына қосылған болатын. Астанада «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесі арқылы пәтер беру» бағыты бойынша жалпы ауданы 54,1 мың шаршы метрлік 998 пәтер, «Жергілікті атқару органдардың кезекте тұрған қызметкерлеріне арналған арендалық баспана» бағыты бойынша жалпы көлемі 28,4 мың шаршы метрлік430 пәтер, «Жас отбасыларға арналған арендалық баспана» бағыты бойынша жалпы ауданы 16,7 мың шаршы метрді құрайтын 314 пәтер тапсырылады.
В. Лютовтың айтуынша, 2016 жылы жалпы ауданы 131 мың шаршы метрді құрайтын 2353 пәтерге есептелген 5 тұрғын үйдің құрылысы бойынша қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді.
Жалпы, «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасын жүзеге асырыла бастаған уақыттан бері Құрылыс басқармасы жалпы ауданы 119,7 мың шаршы метрді құрайтын 2294 пәтерге арналған 10 көппәтерлі үйді тапсырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайтынан.