Астанада жыл соңына дейін электр энергиясы бойынша тариф өспейді

None
АСТАНА. Шілденің 8-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Электр энергиясы бойынша тариф өспейді. Бұл туралы бүгін ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің директоры Абзал Естаев бірінші жартыжылдық қорытындысы тұрғысында өткен брифингте айтты.

«Жыл соңына дейін елорда тұрғындары үшін электр энергиясына тарифтің бағасы өспейді. Яғни, бұл тұрғыда субъектілерде өзіндік айғақтар бар, ал департаментте де өзіндік ұстанымдар бар», - деді департамент директоры.

Сонымен қатар А. Естаевтың сөзіне қарағанда, департамент биылғы бірінші жартыжылдықта табиғи монополия субъектілері мен басқа да шаруашылық субъектілерінің қызметтеріне 82 тексеру жүргізді. Таратылған мәліметтерге қарағанда, тексеру нәтижесінде департамент әкімшілік құқық бұзушылық туралы 34 хаттама толтырды. Оның ішінде 22 миллион теңгеден астам айыппұл салу жөнінде әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы 32 қаулы шығарылған.