Сессияның қарауына елордадағы тұрғын үй құрылысының жай-күйі мен оны дамыту болашағы мәселелері шығарылды.
Аталған мәселеге орай мәслихат алдында баяндама жасаған елорда әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша Астанада жыл соңына дейін 3,5 мың пәтер тапсыру жоспарланғанын атап өтті. «2008-2010 жылдардағы бағдарламаның екінші кезеңін ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлаймыз. Бұл ретте жалпы ауданы 206 мың шаршы метрді құрайтын 3 мың 496 пәтерлі 16 тұрғын үй кешені салынатын болады», - деді С. Хорошун.
Әкім орынбасарының айтуынша, мемлекеттік бағдарлама аясында бүгінгі күнге дейін жалпы ауданы 230 мың шаршы метрді құрайтын 5 мың 86 пәтер тапсырылған.
«Соның арқасында бағдарламаға қатысушы 8 мың 855 отбасы баспаналы болды. Ал жалпы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің құны 25,8 млрд. теңгені құрап отыр», - дейді С. Хорошун.