Астанада жыл соңына дейін үш денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қалада жыл соңына дейін үш денсаулық сақтау нысанының құрылысын аяқтау көзделген.

Атап айтқанда, Ильинка кентінде және Досмұхамедов көшесінде 150 келушіге арналған екі БМСК орталығы өз жұмысын бастайды. Сондай-ақ жүйке жүйесінің созылмалы сырқатына шалдыққан жандарға арналған емдеу-өндірістік шеберханаларының құрылысын бітіру жоспарланған. Бұдан басқа, қала үшін маңызды бірнеше арнайы медициналық мекеме салынып жатыр. Атап айтқанда, 2015 жылы 250 орындық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы пайдалануға беріледі, сондай-ақ «Теміржол» тұрғын алабының солтүстік-шығысында орналасқан 500 орындық туберкулезді емдеу диспансері тапсырылады. Ал сол жағалауда амбулаториялық-емханалық кешен ашылады, оның ересектер емханасы бір ауысымда 350 адамды, ал балалар емханасы 150 адамды қабылдамақ.

Сонымен қатар 2015 жылы бір ауысымда 250 төсек-орындық емханасы бар 150 келушіге арналған медициналық-әлеуметтік оңалту орталығы салынып бітеді. Құрылыс басқармасының хабарлауынша, елордада тағы да бес денсаулық сақтау нысанының құрылысын жобалау шаралары қолға алынды, деп хабарлайды astana.kz.