Бұған дейін Астанадағы электр қуат көздерін жеткізетін «Астанаэнергосбыт» ЖШС өз тарифтерін көтерді. Ал су жүйелеріне жауапты «Астана Су арнасы» МКК алдағы уақытта ауызсудың бағасын көтеруді ұсынып отыр.
Жалпы, қаладағы жылу беру мауысымына дейін «Астанаэнергосервис» АҚ-ына кіретін компаниялар 939,4 млн. теңгеге қаладағы жылу-энергетикалық және электротехникалық құрылғыларды, сондай-ақ магистральді және қала ішіндегі су құбырларын күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, «Астана-Энергия» АҚ 581,749 млн. теңгеге ЖЭО-1 мен ЖЭО-2-нің қосымша құрылғыларын жөндеуден өткізбек. Бүгінгі таңда ЖЭО-2 қаладағы жылудың басты көзі болып саналады. Оның негізгі қазандықтары көмірмен жұмыс істесе, қосымша қазандықтар мазутпен жылу өндіріп келеді. «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ның басқарма бастығы Тимур Есенгелдиннің айтуына қарағанда, қаланы электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған екі жылу электр орталығының күші жеткіліксіз. Сондықтан қазіргі кезде және орталықтарды жөндеуден өткізу кезінде Екібастұздағы ГРЭС- 1 мен ГРЭС-2-ден қосымша қуат көздері сатып алынады. Биыл электр энергия тасымалдаушы компаниялардың тарапынан тарифтерді көтерудің негізгі себебі осы. Осыған орай «Астанаэнергосбыт» ЖШС елордадағы электр қуат көздерінің бағасын 6,62 теңгеге өсірді. Оған қоса, мамырдың 1-нен бастап қалада электр энергиясының дифференциалды тарифтері енгізілді. Т.Есенгелдиннің сөзіне қарағанда, аталған тариф елордадағы электр қуат көздерін үнемдеп, елорда тұрғындары үшін тұтынған өнім үшін өз бағасын төлеуге мүмкіндік береді. Тарифке сәйкес, азаматтар тәулік мезгілі немесе тұтынған энергияның көлемі бойынша ақы төлей алады. Мәселен, тәулік мезгілі бойыша дифференциалды тарифтің екі түрі бар. Ол - екі мезгілді және үш мезгілді. Екі мезгілді тарифтің күндізгі ақысы қосарланған құн салығымен бірге 8,46 теңге/Квт болса, түнгі тариф 1,84 теңгені құрап отыр. Ал үш мезгілді дифференциалды тариф күндізгі (6,62 тг.), кешкі (13,66 тг.) және түнгі (1,84 тг.) уақытқа бөлінген. «Астана-Энергия» АҚ-сының ақпаратына сәйке, бүгінде Астана қаласы бойынша аталған тарифке 220 тұтынушы қосылған.
Ал шілденің 1-нен бастап астаналықтар тұтынған энергияның көлеміне қарай дифференциалды тарифтер бойынша ақы төлеуге мүмкіндік алды. Оған сәйкес, электрпеші бар және ондай құрылғысы жоқ азаматтар үшін тұтынған энергияның көлеміне қарай минималды және максималды төлемақы қарастырылған. Егер электрпеші жоқ қала тұрғындары белгіленген электр қуат көлемінен аспайтын болса, онда олар минималды тариф - 6,37 теңге/Квт, ал сол межеден асып түскен жағдайда максималды тариф - 7,94 теңге/Квт төлейтін болады. Сол сияқты электрпеші бар азаматттар үшін 6,14 -7,94 теңге/Квт көлеміндегі тариф белгіленіп отыр. Айта кетейік, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің бұйрығына орай ағымдағы жылы мамырдың 14-інен бастап елорда тұрғындары үшін тұтынған энергия көлемі адам басына айына 90 квт/сағ. (электрпеші барлар үшін) және 70 Квт/сағ. (электрпеші жоқ азаматтар үшін) болып белгіленді. Осыған орай газ құбыры тартылмаған тұрғын-үйлер электрпеші бар нысандар болып саналады. Ал қаланың жеке меншік секторында тұратын азаматтар электрпешті қолданбайтындардың санатына еніп отыр. «Қала тұрғындары аталған тарифті үйдегі электр қуатты есептеу құралдарының көрсеткіші бойынша төлейді. Егер Астана қаласы бойынша адам басына айына 70 Квт/сағ. есептелсе, онда жанұядағы 3 адам үшін бір айда тұтынатын энергия көлемі 210 Квт/сағ. болмақ. Осы көрсеткіш аясында пайдаланған қуат көздері минималды тарифпен төленеді. Ал бұл көрсеткіштен асатын болса, максималды төлемақы белгіленеді», - дейді «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ның басқарма бастығы Тимур Есенгелдин. «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ның ақпараты бойынша бүгінде тұтынған энергия үшін астаналықтардың қарызы 1,378 млн. теңгені құрап отыр. Оның 592,7 млн. жеке азаматтардың мойнында болса, қалған 785,7 млн. теңгесі заңды тұлғалардың үлесінде.
Өкінішке орай, елордадағы ЖЭО-3-тің құрылысы белгілі себептерге байланысты басталмай отыр. Әкім И.Тасмағамбетовтың айтуынша, аталған нысанның құрылысын биылғы жылдың қыркүйек айында бастау жоспарланған болатын. «Елбасының тапсырмасына орай Астана қаласының өсуіне байланысты биыл ЖЭО-3-тің құрылысын бастау жоспарымызда бар. Бұл нысан республикалық және қалалық бюджеттердің есебінен салынатындықтан, бүгінгі таңда оған қажетті қыржы көздері іздестірілуде. Қазіргі кезде біз осы мәселе бойынша Үкіметпен бірлесіп, жұмыс атқарып келеміз. Қалай болса да, ЖЭО-3-тің құрылысы қыркүйек, не қазан айында басталады», - дейді қала әкімі.
Жаңа ЖЭО-3 құрылысының жалпы құны - 147,45 млрд. теңге. Оның қуаттылығы 860 Гкал/сағ.-қа есептелген. Нысаның құрылысын екі кезеңмен жүзеге асыру жоспарланып отыр. 2013 жылға дейін бір турбинасы, энергия қазандығы және екі су жылыту қазандығы бар іске қосу кешені салынса, осы іспетті екінші кешенді 2015 жылға дейін тапсыру көзделген. Бәлкім, биыл электр энергия тарифтерінің көтерілуі осы нысанның құрылысымен тікелей байланысты.
Өз кезегінде «Астана Су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны елордадағы ауызсу бағасын 15-20 пайызға көтеруді ұсынып отыр. Кәсіпорынның бас директоры Жаңбыршы Нұркеновтың айтуынша, бүгінде Астананың өсуіне байланысты оның аумағына кіретін елді мекендерді су құбыры жүйесімен қамту және қаладағы коммуналдық жүйелерді жаңарту үшін қыруар қаржы қажет. «Қазіргі кезде біздің бюджетімізге жыл сайын 1,5 млрд. теңге түседі. Өкінішке орай, бұл қаражат бізге жүктелген міндеттерді толығымен орындауға мүмкіндік бермей отыр. Ал судың бағасын 15-20 пайызға көтерудің арқасында біз 3 млрд. теңге көлеміндегі жылдық межеге шығып, қаладағы су инфрақұрылымын дамыту мен жаңарту саласындағы біраз жұмыстарды атқара аламыз. Біз ауызсудың бағасын келесі жылдан бастап көтеруді ұсынып отырмыз», - дейді Ж.Нұркенов. «Астана Су арнасы» МКК-сының мәліметіне сәйкес, қазіргі кезде қала бойынша 130 мың азамат, яғни қала тұрғындарының 75 пайызы, су есептегіш құралдарын орнатқан. Жалпы, суды есептеу жүйесімен 150 мың адамды қамту жоспарланып отыр.
Астанадағы жылу беру науқанына «Астана-Жылутранзит» АҚ 3,2 шақырым су құбыры жүйелерін ауыстыруды жоспарлауда. Бұған 197 млн. теңге қарастырылған. Ал «Қалалық электр желілері» АҚ 60 млн. теңгеге 110/10 кВ-ты кіші стансаларды, трансформаторлар мен басқа да электр желілерін жөндеуден өткізбек.
Бүгінгі таңда Астана қаласында 5 777 заңды және 140 514 жеке азамат жылумен қамтылған. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл қала тұрғындарымен жасалған жылумен қамту жөніндегі келісімшарттардың саны 9 166-ға өсті. Биыл Астананың күзгі-қысқы жылу беру мауысымына дайындық жұмыстарына қала бюджетінен 25 млрд. теңге бөлінді. Қала әкімі И.Тасмағамбетовтың сөзіне қарағанда, бұл жұмыстарды қыркүйектің 20-сына дейін аяқтау қажет.
Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бүгінде қаладағы 263 пәтер иеленуші кооперативтерінің 189-ы және жеке меншік секторындағы 1781 үйдің 1290-ны жылу науқанына дайын. Бұл жалпы дайындықтың 70 пайызына тең.
Айта кетейік, бүгінгі таңда астаналықтар қалада енгізілген дифферециалды тарифтің қай түріне қосылатындығын білмей жатқан кезде, Алматы қаласының тұрғындары бұл жаңашылдықтың өз пайдасын тауып алған. Олар тәулік мезгілі бойынша дифференциалды тарифке қосылып, түнгі уақытта кір жуып, тамақ пісіретін көрінеді. Астанада ауызсу бағасының көтерілуіне байланысты қоғамдық ұйымдар өз наразылығын білдіріп отыр. Олар ауызсу бағасын қымбаттатудың нақты себебін көрсетуді талап етуде. Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттіктің Астана қаласы бойынша департаментінің директоры Абзал Естаевтың сөзіне қарағанда, алдағы уақытта елордада 3 жылға есептелген судың нақты тарифін енгізу көзделген.