Астанада «Жыр алыбы - Жамбыл» атты әдеби-сазды рухани кеш өтті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні еліміздің түкпір-түкпірінде, әрбір қаласы мен әрбір ауылында, білім шаңырақтары мен рухани орталарда қазақ халқының мақтанышы, жыр алыбы - Жамбыл бабамыздың 170 жылдық торқалы тойы кеңінен атап өтілуде.

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған осы дүбірлі мереке 26 ақпан күні Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Жыр алыбы - Жамбыл» атты әдеби-сазды рухани кешке ұласты. Рухани шараның басты мақсаты - сөз мәйегін кие тұтқан абыз жыраудың шығармашылығын, рухани бай мұрасын насихаттау.

Университет ректоры, академик Тілектес Есполовтың құттықтау сөзімен ашылған мәдени шараға «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы - Жұмабай Шаштайұлы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, жазушы-публицист - Уәлихан Қалижан, ҚазҰПУ профессоры, әдебиеттанушы ғалым - Темірхан Тебегенов, Медеу ауданы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, жыршы-термеші, Ж. Жабаевтың шөбересі - Бекмұрат Жамбыл, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармония директоры, жыршы-термеші Ақан Әбдуәли сынды ұлт руханиятының белгілі өкілдері қатысты.

«Қазақтың ақындық өнерінің алыбы, шабытты жырларымен есімі әлемге әйгілі болған жырау - Жамбыл Жабаевтың шығармалары - ұлтымыздың ұлы қазынасы. Олай болса, Жәкеңнің тойы - әдебиеттің тойы, бүкіл халқымыздың тойы деп білеміз.

Қазіргі кезде біз білім мен ғылымды дамытумен қатар, университет жастарын ұлттық тұлғалар арқылы тәрбиелеу, солардың шығармашылық еңбектері мен өмір жолдарын өнеге ету жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Бұл ретте Жамбыл бабамыздың бай мұрасын бүгінгі ұрпақтың жадына сіңіріп, санасына зерделеуді азаматтық парызымыз деп білеміз. Бүгінгі күнге дейін данагөй ақынның мерейтойына орай университеттің әр факультетінде, Студенттер үйлерінде Жамбыл шығармашылығын арқау еткен мағыналы әдеби шаралар, рухани кездесулер болып өтті. Белсенді жастарымыз жуырда ғана Жамбыл мұражайына арнайы барып, тәрбиелік мәні зор әсер алып қайтты.

Жамбыл бабамыздың қай сөзін алып қарасақ та оның мағыналы, терең екенін түсінеміз. Әр сөзі ұлағатқа айналған абыз ақынның рухани бай дүниесі ұлтымыз үшін баға жетпес құндылық екені сөзсіз. Осыны кейінгі жас буын ой-зердесіне терең тоқып жүрсе ләзім»,-деді өз сөзіндеҚазҰАУ ректоры, академик Тілектес Есполов.