Астанадағы «Алаш» пен «Шарын» базарларында санитарлық талаптар сақталмай отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қалалық мәслихат депутаттары қоғамдық тыңдаулар қарсаңында елорданың бірқатар базарларын аралап, олардың қазіргі ахуалын бағалады.
Аралау барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына тұрақты бағаны қамтамасыз етуге дайындық деңгейіне назар аударылды.
Тексеру нәтижесінде белгілі болғандай, «Алаш» пен «Шарын» базарлары заман талабына сай жаңғыртылмаған. Сумен жабдықтау және кәріз жүйелері жоқ, санитарлық талаптар сақталмайды. Саудагерлерге қолайлы жағдай жасалмаған. Өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмейді, өрт сөндіру гидранттары қарастырылмаған. Келушілер үшін автотұрақ қарастырылмаған, ал базар аумағында көлік қозғалысы реттелмеген.
Central Market киім-кешек базары толық жаңғыртылып, санитарлық және өрт қауіпсіздігі нормаларына сәйкес. Алайда ауласында талапқа сай емес контейнерлік сауда орындары бар.
«Әлем» және «Сарыарқа» базарлары бұрынғы «Целинсельмаш» зауытының ғимаратында орналасқан. «Әлем» базары жаңғыртудан өтіп, екі қабатқа бөлінген, талапқа сай модернизация жасалған.
Ал «Сарыарқа» базарына дәл осындай жөндеу жұмыстары қажет.
«Көктал» фермерлік базары заманауи форматта бой көтеріп, толық жабдықталған. Тіпті кинотеатрға дейін қарастырылған.
«Ұлжан» базары бейберекет сауда орны болып саналады. Мұнда жаңғырту басталмаған, санитарлық және өрт қауіпсіздігі нормалары сақталмаған, сатушылар үшін қолайлы жағдай жасалмаған.
Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату мәселесі қозғалып, баға саясатын бақылауды күшейту тапсырылды.
Еске салсақ, 18 шілдеде Астанада «Биг Шанхай» үш қабатты базары өртке оранды.