Астанадағы әлем кубогы: Бекзад Нұрдәулетов аустралиялық қарсыласының осал тұсын тапты

Фото: Olympic.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Елордада өтіп жатқан World Boxing аясындағы әлем кубогында ел құрамасының атынан жарыс жолына шыққан Бекзад Нұрдәулетов (85 келі) келесі кезеңге жолдама алды. 

Шаршы алаң иесі алғашқы жекпе-жегінде аустралиялық Лачлан Лаусомен шеберлік байқасты. Жекпе-жек басталған сәттен қазақстандық боксшының шабуылы мен жойқын соққысы қарсыласын біраз тентіретті. Нәтижесінде бірінші раунд Бекзадтың басымдығымен аяқталды. 

Екінші раундта аустралиялық былғары қолғап шебері Бекзадқа лайықты қарсылық көрсетті. Бірақ рингте отандасымыздың басымдылығы анық байқалып тұрды. Үшінші раунда та Бекзадтың пайдасына шешілді. Осылайша ол кезеңге қиындықсыз шықты. 

Бекзад Нұрдәулетов 2019 жылғы әлем чемпионы, 2024 жылы Таиландтағы Азия чемпионатында жеңіске жеткен.

Қазірге дейін ел құрамасынан бүгін, 2 шілдеде Назым Қызайбай (48 келі), Алуа Балқыбекова (51 келі), Санжар Тәшкенбай (50 келі) жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Өкінішке қарай Гүлсая Ержан (80 келі) алғашқы жекпе-жегінде қарсыласына есе жіберді. 

Енді кешкі сессияда Виктория Графеева (60 келі), Аида Абикеева (65 келі), Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Сағындық Тоғамбай ( 90 келі) сайысқа түседі.