Астанадағы әлем кубогы: Сабыржан Аққалықов канадалық боксшыдан басым түсті
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада өтіп жатқан World Boxing аясындағы әлем кубогында отандасымыз Сабыржан Аққалықов канадалық боксшы Джошуа Офоримен шаршы алаңда кім мықтыны анықтады.
75 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық былғары қолғап шебері Сабыржан қарсыласы Джошуаның мысын басып, жартылай финалға жолдама алды.
Санаулы уақыттан кейін Айбек Оралбай италиялық спортшы Диего Ленцимен жұдырық түйістіреді.
Айта кетейік, әлем кубогына 30 елден 300-ге жуық боксшы қатысып жатыр. Бұл олимпиадалық WORLD BOXING ұйымының Қазақстандағы алғашқы жарысы болып отыр.
Еске салсақ, бұған дейін Махмұд Сабырханның елордадағы әлем кубогының жартылай финалына шыққанын жазған едік. Сондай-ақ қос бұрымды боксшымыз Айдана Забынбекова мен Наталья Богданова жартылай финалға жолдама алды.