Астанадағы әлем кубогы: Санжар Тәшкенбай жапониялық боксшыдан басым түсті
АСТАНА. KAZINFORM - Астанада өтіп жатқан World Boxing аясындағы әлем кубогында Қазақстан құрамасының боксшысы Санжар Тәшкенбай алғашқы айқасында жеңіске жетті.
Отандасымыз жапониялық Шодай Котомен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында әр раунд сайын Санжардың басымдығы айқын байқалып тұрды. Төрешілер де Тәшкенбайдың жеңісіне еш шүбә келтірген жоқ. Осылайша ол қарсыласынан басым түсіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Санжар 2023 жылғы әлем чемпионатында топ жарды. Соның арқасында ел тарихында әлем чемпионы атағына қол жеткізген ең жас спортшы атанды. Сонымен қатар 2022 жылы Азия чемпионатында алтын, 2024 жылы күміс жүлдеге ие болды.
Қазірге дейін ел құрамасынан бүгін, 2 шілдеде Назым Қызайбай (48 келі), Алуа Балқыбекова (51 келі) жарыс жалғастыруға мүмкіндік алды. Сондай-ақ ерлерден Бекзад Нұрдәулетов (85 келі) шаршы алаңға шығады.
Ал кешкі сессияда Виктория Графеева (60 келі), Аида Абикеева (65 келі), Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Сағындык Тоғамбай ( 90 келі) сайысқа түседі.