Астанадағы әскери парадқа қатысып жатқан ұшақтар туралы не білеміз
АСТАНА. KAZINFORM — Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа әуеден 66 ұшу аппараты қатысты. Kazinform осы әуе техникаларына сипаттама ұсынады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Қарулы Күштердің Туын алып ұшқан – Ми-171 тікұшақтары.
Орташа көп мақсатты Ми-17 тікұшағы өзінің әмбебаптығы мен биік ұшатын қабілетінің арқасында әлемдегі ең кең таралған тікұшақтардың бірі болып саналады.
Ол Құрлық әскері бөлімшелерінің ұтқырлығын арттырып, қару-жарақ пен жеке құрамды жеткізуге, сондай-ақ берілген нысаналарды жоюға арналған. Сондай-ақ, таулы мекендерде және жоғары температурада жауынгерлік тапсырмаларды орындауға қауқарлы.
Ми-35М жауынгерлік тікұшағы ұрыс даласындағы атыста Құрлық әскерін әуеден қолдауға арналған. Тікұшақтың жоятын негізгі нысандары қарсыластың сауытты техникасы мен тірі күші.
Ми-8 және Ми-171 армия авиациясының тікұшақтарын десантты түсіруге және оны атыс кезінде әуеден қолдауға, атыс нүктелерін құртып, оқ-дәрілерді, қаруды, жүктерді, өнімдерді, дәрі-дәрмектерді тасымалдауға, жау қимылына кедергі жасауға, сондай-ақ жаралыларды ұрыс даласынан эвакуациялауға пайдаланады.
Төтенше жағдайлар министрлігінің ЕО-145 және Н-145 тікұшақтары төтенше жағдай болған аймақтардан зардап шеккендерді құтқаруға, табиғи апаттардың салдарын жоюға, гуманитарлық жүктерді тасымалдауға, іздестіру-құтқару жұмыстарына, өрттерді сөндіріп, медициналық көмекті сүйемелдеуге арналған.
C-295 ұшағы 9 тоннаға дейін жүк не толық қаруланған 70-тей әскери қызметшіні тасымалдауға, сондай-ақ 5000 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсеруге қабілетті.
C-295 заманауи навигациялық жүйемен және қозғалтқыштардың жұмысын бақылау жүйесімен жарақталған.
L-410 — бұл жеңіл көп мақсатты қос моторлы транспорттық және жолаушыларға арналған ұшақ, қонуға арналмаған жерге, шөп, қар басқан алаңқайларға және ұшу-қону жолағы қысқа әуеайлақтарға қона береді. 19 жолаушыны немесе 1500 шақырымға дейін 1800 келі жүкті тасымалдауға қабілетті.
L-39 екі орындық оқу-жауынгерлік ұшағы әуе күштерінің курсанттарын кез келген ауа райы жағдайында ұшуға үйретуге қолданылады. Ол әуеде, құрлықта және теңізде іс-қимыл дағдыларын жаттықтыруға бірдей пайдаланылады. Бұл дайындықтың бастапқы кезеңіндегі оқу-жаттығу ұшағы күндізгі және түнгі рейстерді, әуе нысандарын барлауды, жер бетіндегі нысандарға соққы беруді пысықтау үшін қолданылады.
Ту-154 ұшағы Қорғаныс министрлігі басшылығының әуедегі командалық пункті болып есептеледі. Әскерилер оны сенімді әрі көп функциялы әуе көлігі ретінде жақсы біледі. Негізінен ішкі және халықаралық бағыттарда тасымалдау тапсырмаларын орындауға арналған. Ұшақ 150-ден 180-ге дейін әскери қызметшіні 3000-нан 5000 шақырымға дейінгі қашықтықта тасымалдай алады. Сондай-ақ жүк тасымалына да бейімдеп қолдануға болады.
A-400M — әртүрлі тапсырмаларды орындауға арналған көп мақсатты әскери көлік. Ол әскери тасымалдау, медициналық эвакуациялау, сондай-ақ гуманитарлық миссияларды орындау операцияларын орындайды. Оның ішінде A-400 деп аталатын соңғы буыны заманауи төрт қозғалтқышпен жабдықталған. Бұл әуе техникасы жарақ құрамына 2024 жылдың соңында жеткізілді.
Су-30СМ жойғыштары күн сайын біздің ел аймақтарында жауынгерлік кезекшілік атқарады. Ұшақ қару-жарақтың кең спектрімен және борт радиоэлектрондық жабдықтардың заманауи кешенімен жарақталған. Су-30СМ көп мақсатты ауыр майдандық жойғышы күндіз-түні әртүрлі ауа-райы жағдайында жауынгерлік міндеттерді орындай алады. Ол әуе нысандарын да, жердегі кедергіні де жоя алады. Басқарылатын зымыранмен, авиациялық қарумен жасақталған, 1,5 (бір жарым) келіге дейінгі калибрлі бомбалар, зеңбірек пен заманауи навигация жүйесі бар.
Су-25 әскери шабуыл ұшағы құрлық әскерін әуеден қолдау үшін, күндіз-түні ұрыс даласында нысана нақты көрінгенде тікелей қолдануға, сондай-ақ кез келген метеожағдайда тәулік бойы берілген координаттары бар объектілерді жоюға арналған. Су-25 ұшағын осы сипаттарына қарай «қанатты танк» деп те атайды.