Астанадағы Айтматов көшесі бір аптаға жабылады

Фото: Александр Павский / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Қ.Мұхамедханов көшесінен Қорғалжын тас жолына дейінгі учаскеде Ш. Айтматов көшесін жөндеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы.

— Осыған байланысты, ағымдағы жылғы 28 маусым — 5 шілде аралығында көрсетілген учаскеде қозғалыс ішінара жабылатын болады. Осы уақытта автокөлік құралдарының қозғалысы екі бағытта бір жағынан кезең-кезеңімен ұйымдастырылады. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден маршруттарды алдын ала жоспарлауды және қозғалысты ұйымдастырудағы ықтимал өзгерістерді ескеруді сұраймыз, — делінген басқарма таратқан ақпаратта.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қолайсыздықты азайту үшін уақытша жол белгілері мен көрсеткіштер орнатылатын болады. 

Фото: Елорда әкімдігі

Бұдан бұрын енді елордада жол ережесін Sergek дрондар бақылайтыны белгілі болды.