Астанадағы білім беру ұйымдарындағы 12 мыңнан астам камера жедел басқару орталығына қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — Астана полиция департаменті білім басқармасымен бірлесіп, білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау камераларын полицияның Жедел басқару орталығына қосу жобасын жүзеге асырып жатыр.

Фото: Polisia.kz

Полицияның мәліметінше, қазіргі уақытта қаладағы 224 білім беру ұйымының бейнебақылау камералары мен дабыл түймелері орталыққа қосылған. Олардың қатарында балабақшалар, мектептер, колледждер және жоғары оқу орындары бар. Жалпы жүйеге 12 мыңнан астам бейнекамера шығарылған.

— Бұл жүйе білім беру ұйымдарындағы жағдайды тұрақты бақылауға, ықтимал құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және оқиға болған жағдайда полиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді. Ал білім беру ұйымдарында орнатылған дабыл түймелері төтенше жағдай туындағанда полицияға шұғыл хабар беруге арналған, — делінген хабарламада.

Жыл басынан бері бейнебақылау камералары арқылы білім беру ұйымдарында 100-ден астам құқық бұзушылық анықталған. Олардың арасында төбелес, темекі шегу және спирттік ішімдік ішу фактілері бар.

Полицияның хабарлауынша, бейнебақылау жүйесін Жедел басқару орталығына шығару — балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді тетіктерінің бірі. Ол құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, болған оқиғаларға жедел ден қоюға және білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда бейнебақылау жүйелеріне қойылатын алғашқы ұлттық стандарт бекітілгенін хабарлаған едік. Жаңа құжатта бейнекамераларды таңдау, орнату және пайдалану талаптары нақты айқындалған. Стандарт 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне еніп, жаңа салынатын және қайта жаңғыртылатын ғимараттардағы бейнебақылау жүйелеріне қолданылады.