Астанадағы ескі вокзал қайта жөндеуден кейін қашан ашылады

Photo credit: Viktor Fedyunin / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Көлік министрлігі «Астана-1» теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстарына қатысты түсінік берді.

Оның орташа тәуліктік жолаушылар тасымалы 10 мың адамнан асады.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Жөндеу жұмыстары биыл 14 сәуірде басталды. Жобаны Көлік министрлігі Астана әкімдігі және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Мердігер – Capital Road Construction ЖШС.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Құрылысшылар вокзалдың ішіндегі нысандарды түгел бұзып тастаған, яғни ғимараттың қабырғалары мен бетон қаңқасы қалды. Техникалық зерттеуден кейін бөлшектеу жұмыстары жүргізіліп, мамандар жобалық құжаттаманы әзірлеуге кірісті.

Вокзал қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Осы орайда қызмет көрсету персоналы мен жолаушыларға арналған нысандар бұрынғы тарихи ғимаратқа уақытша көшірілді.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Вокзалды қайта құру және жаңғырту жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған», - делінген Көлік министрлігі мәліметінде.

Ведомство ақпаратына қарағанда, жобаның түпкілікті құны жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) негізінде сараптама жүргізілгеннен кейін анықталады. Жұмыс көлемі де ғимаратты техникалық тексеру нәтижелері мен сараптамалық қорытындылар негізінде анықталады.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinfrom

Бюджеті мен қаржыландыру көздерін нысанның тапсырушысы ретінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ анықтайды.

Осы жұмыстар аясында ғимараттың шатыры, қасбеті, ішкі нысандар, жолаушылар платформалары мен құрылымдар жөнделеді. Жұмысшылар хабарлау жүйелерін, бейнебақылау, дабыл жүйелерін жаңартып, инженерлік желілерді ауыстырып, вокзал маңын көркейтеді.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда жаңа «Алматы-3» теміржол вокзалын салу жобасы бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын жазған едік.