Астанадағы фельдшер қазасы: Үйдің апатты жағдайы туралы өтініш түспеген

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Сотта елордалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының техникалық бөлімінің басшысы Ербол Ахметов жауап берді.

Коллаж: Kazinform

Спикер тұрғын үй инспекциясы барлық көппәтерлі үйдің қасбетін күн сайын көзбен шолып тексеруге міндетті емес екенін еске салды. Бақылау жоспарлы немесе жоспардан тыс жүргізіледі. Оның ішінде тұрғындардан немесе ПИК төрағаларынан өтініш түскен жағдайда тексеру ұйымдастырылады.

Маманның айтуынша, тұрғын үй инспекциясы тұрғын үй қорын күтіп ұстау, пайдалану және жөндеу мәселелерін бақылайды, сондай-ақ ортақ мүліктің техникалық жағдайын тексереді.

Ербол Ахметовтің айтуынша, қасбет құлағанға дейін Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы үйдің ПИК тарапынан техникалық немесе апатты жағдай, қасбетті жөндеу қажеттілігі не техникалық тексеру жүргізу туралы ешқандай өтініш түспеген.

Ал қасбет құлаған соң аудан әкімдігі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар шара ұйымдастырған. Оның ішінде қауіпті конструкцияларды бекіту жұмыстары жүргізілген.

Маманның айтуынша, ортақ мүлікті тиісті деңгейде күтіп ұстауға кондоминиум нысанын басқару органдары, соның ішінде ПИК төрағалары тікелей жауап береді. Ақау анықталған жағдайда қажетті шараларды, оның ішінде жоспарлы немесе күрделі жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру да басқару органдарының міндеті.

Ербол Ахметов 2017 жылы үйге техникалық тексеру жүргізілгенін де растады. Оның түсіндіруінше, сол кезде ғимараттың тозу деңгейі 31% деп бағаланып, жағдайы қанағаттанарлық деп танылған. Оған қоса, тиісті ұсынымдар берілген.

Маманның айтуынша, бұл ұсынымдардың орындалуын бақылау ең алдымен ПИК төрағасы мен меншік иелері бірлестігінің міндетіне жатады. Бұл ретте тексеру қорытындысында көрсетілген ұсынымдар міндетті емес, ұсынымдық сипатта болған.

Ол техникалық тексеру жүргізу тәртібіне де тоқталды. Алдымен аудан әкімдіктері визуалды тексеру жүргізіп, техникалық тексеруді қажет ететін үйлерді анықтайды. Кейін мемлекеттік сатып алу арқылы аккредиттелген ұйым таңдалады. Аталған ұйым техникалық тексеру жүргізіп, қорытындының екі данасын ұсынады. Тиісті жұмыстарды тұрғындармен жүргізу үшін құжаттар «Өркен қала» ведомстволық бағынысты ұйымына беріледі.

Еске салайық, Ұлдана Мырзуан жедел жәрдем фельдшері болып қызметтік міндетін атқару кезінде көпқабатты үйдің қасбеті құлап, қаза тапқан. Осы факті бойынша Астана сотында қылмыстық іс қаралып жатыр.

Сот отырысында марқұм фельдшердің жұбайы Әділет Зейнел әйелімен өткен соңғы сағаттар туралы айтып берген еді.

Сондай-ақ, Ә. Зейнел Астана әкімдігінен алған 20 млн теңгені қайда жұмсағанын түсіндірді.

Бұған дейін үй тұрғындары сотта жауап беріп, ПИК төрағасының қалай жұмыс істегенін айтып берген еді.

2026 жылғы 26 ақпандағы қорытындыда үй апат алдындағы жағдайда деп танылып, оған төртінші дәреже берілген.